Наташа Қалымбетова Батыс Қазақстан облысында осыдан 30 жыл бұрын зорланғанын айтып, қазір осы іс бойынша соттасып жүр. Ол 17 жасында 4 ауылдасы зорлағанын айтқан еді. Кейін осы қайғыны өмір бойы жүрегіне жүк қылып, шетелде өмір сүрген, деп хабарлайды dalanews.kz Tizgin.kz-ке сілтеп.
Наташа Қалымбетова өз ісіне қатысты жаңа мәліметті бөлісті. Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы қозғалмаған қылмыстық іс бойынша тергеу алға жылжыған.
Қалымбетованың сөзінше, өзі тапсырған биологиялық үлгілер АҚШ-та тұратын қызының ДНҚ-сымен салыстыру үшін сол елге жіберілген. Енді қызы да сараптамаға материал тапсырады. Осыдан кейін ол Қазақстанға келмек.
"Енді АҚШ-қа барудың қажеті жоқ. Іс сотқа қашан жолданатынын күтіп отырмын. Барлық дәлелді ұсынып, сотта әділдікке қол жеткізгім келеді. Бұрын бізді ешкім тыңдамайтын. Қазір үнімізге құлақ аса бастады. Әділет бар екеніне сенгім келеді", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Наташа Қалымбетова әлеуметтік желіде 17 жасында төрт ауылдасы тарапынан зорланғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, оқиға болғаннан кейін ұзақ жыл бойы құқық қорғау органдарына жүгінбей, кейін шетелге көшіп кеткен.
Осы мәлімдемеден кейін құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған еді.