Қазақстанда 57 жалған ақша анықталды: алаяқтар көбіне қай купюраны қолдан жасайды?

Қазақстанда 57 жалған ақша анықталды: алаяқтар көбіне қай купюраны қолдан жасайды?
pixabay.com

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 57 жалған ақша белгісі анықталды. Олардың ішінде ең жиі қолдан жасалғаны 2 мың теңгелік банкноталар болса, ең көп қаржылық шығын 10 мың теңгелік жалған купюралардан келген. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық банктің дерегінше, жыл басынан бері 49 жалған банкнота және 8 тиын анықталған. Олардың жалпы номиналы 259,4 мың теңгені құрады.

Анықталған жалған ақшалардың ішінде:

•⁠  ⁠2 мың теңгелік – 22 банкнота;
•⁠  ⁠10 мың теңгелік – 16 банкнота;
•⁠  ⁠5 мың теңгелік – 11 банкнота;
•⁠  ⁠8 тиын.

Ең көп анықталғаны – 2 мың теңгелік банкноталар. Олар барлық жалған ақшаның 38,6 пайызын құраған.

Алайда қаржылық шығын көлемі бойынша 10 мың теңгелік купюралар көш бастап тұр. Барлығы 16 жалған 10 мың теңгелік банкнотаның жалпы сомасы 160 мың теңгені құраған. Бұл анықталған жалған ақшалардың жалпы құнының шамамен 62 пайызына тең.

Ұлттық банк мәліметінше, жалған ақша саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,4 пайызға азайған.

Сонымен бірге ведомство әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде теңгеге ұқсас полиграфиялық өнімдердің таралуы көбейгенін ескертті. Мұндай купюраларда «Төлем құралы болып табылмайды» немесе «Мерекені бірге тойлаймыз» деген жазулар болуы мүмкін. Дегенмен оларды төлем жасау үшін пайдалануға болмайды.

Ұлттық банк күмәнді банкнотаны тексеру үшін «сез – қара – бұр» қағидатын қолдануға кеңес береді. Яғни қағаздың сапасы мен бедерін тексеріп, жарыққа тосып сутаңба мен қорғаныш жібін қарау, кейін банкнотаны еңкейтіп, түсі өзгеретін қорғаныш элементтерінің бар-жоғын бақылау қажет.

Егер банкнотаның түпнұсқалығына күмән туындаса, оны айналымға қайта жіберуге немесе басқа адамға беруге болмайды. Мұндай жағдайда Ұлттық банк азаматтарға полицияға немесе экономикалық тергеп-тексеру органдарына жүгінуге кеңес береді.