Бүгін Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының әскери қызметшілерін жерлеу рәсімдері өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаралы жиындарға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Құрылтайының депутаттары Тұрарбек Тілемісов пен Мұратбек Мұхамедиев, БҚО прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Қарулы Күштердің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен өңір тұрғындары қатысты.

Қатысушылар қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және жаназа мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажет жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Қаржылай көмекті жинақтау үшін бұған дейін арнайы қор белгіленді. Жинақталған қаражаттың барлығы қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде бағытталады. Бұл жұмыс мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында болады", - деп жазылған өңір әкімдігі хабарламасында.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Суға кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды.
Осыған байланысты 25 қыркүйек - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қайғылы оқиғаға қатысты 12 сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, трагедияға байланысты күдіктілер анықталды. Қорғаныс министрлігінен бес адам ұсталды.