Кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеге дейін несие беріледі: сарапшы оның экономикаға әсерін бағалады

Кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеге дейін несие беріледі: сарапшы оның экономикаға әсерін бағалады
Фото: ЖИ

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауға қосымша 55,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы бағытталмақ. "Өрлеу" бағдарламасының жаңа кезеңі аясында кәсіпкерлер жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын, 10 жылға дейінгі мерзімге 7 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Қаражат инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және бұрын берілген инвестициялық несиелерді қайта қаржыландыруға арналған.

Нарықтағы несие құны әлі де жоғары болып тұрған қазіргі жағдайда жылдық 12,6%-ға дейінгі мөлшерлеме кәсіпкерлер үшін тиімді ұсыныс саналады. Алайда мұндай бағдарламалардың ел экономикасына қаншалықты пайда әкелетіні заңды сұрақ туғызады. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеуленова жеңілдетілген қаржыландырудың ықтимал әсеріне тоқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның пікірінше, бағдарламаның басты артықшылығы - несиенің 10 жылға дейін берілуі. Ұзақ мерзімді қаржыландыру кәсіпкерлерге жаңа құрал-жабдық сатып алуға, өндірістік қуатын кеңейтуге және бизнесті жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның ел экономикасына тигізетін пайдасын арттыру үшін отандық өндірушілердің өнімін сатып алуға басымдық берілген. Атап айтқанда, "Қазақстанда жасалған" белгісі бар құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға назар аударылады.

"Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау бір мезгілде екі бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, кәсіпкер арзанырақ қаржыға қол жеткізеді. Екіншіден, қазақстандық өндірушілердің өніміне сұраныс қалыптасады. Нәтижесінде экономикалық әсер өндірістік тізбектің келесі буындарына да таралуы мүмкін. Яғни құрал-жабдық өндірушілерден бастап, шикізат жеткізушілеріне, логистикалық және сервистік компанияларға дейін пайдасын көреді", - деп түсіндірді қаржыгер.

Дегенмен сарапшы бағдарламаның ауқымын асыра бағаламауға кеңес берді.

"Мен 55,6 млрд теңгені Қазақстанның бүкіл экономикасына серпін беретін ауқымды ынталандыру шарасы ретінде қарастырмас едім. Бұл – бизнестің жекелеген бағыттарын қолдауға арналған нысаналы шара. Оның тиімділігі бөлінген қаражаттың көлеміне емес, қаржының нақты қай салалар мен жобаларға бағытталатынына байланысты болады", - деді ол.

Қаржыгер жеңілдетілген несие берудің кері жағы да бар екенін атап өтті. Егер компаниялар нарықтағыдан едәуір төмен мөлшерлемемен берілетін қаржыға тұрақты түрде қол жеткізетін болса, бизнестің мемлекеттік қолдауға тәуелділігі қалыптасуы мүмкін.

"Мемлекеттік жеңілдіктер бизнестің дамуына әрдайым автоматты түрде серпін бере бермейді. Кәсіпкер бірнеше жыл бойы нарықтағыдан едәуір төмен мөлшерлемемен қаржы алып үйренсе, оның еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және қаржыландырудың балама көздерін іздеуге деген ынтасы төмендеуі мүмкін. Соның салдарынан субсидияға тәуелділік пайда болады. Бизнес тұтынушының сенімі мен тиімділік үшін емес, жеңілдетілген қаржыға қол жеткізу үшін бәсекелесе бастайды", - деп түсіндірді Саида Тлеуленова.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан жеңілдетілген бағдарламалармен қатар, бизнес үшін қарапайым нарықтық қаржыландыруды қолжетімді етуге бағытталған іргелі мәселелерді де шешуі қажет.

Әйтпесе компаниялар ірі инвестициялық жобаларды кезекті мемлекеттік бағдарлама іске қосылған жағдайда ғана жүзеге асыра алатын жағдай қалыптасуы ықтимал.

"Егер жеңілдетілген қаржы жаңа өндіріс орындарын ашуға, қолданыстағы өндірістік қуатты кеңейтуге, импортты алмастыруға немесе экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталса, оның экономикалық әсері әлдеқайда жоғары болады. Ал қаражаттың басым бөлігі бұрыннан бар міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалса, күтілетін нәтиже айтарлықтай төмендеуі мүмкін", - деп түйіндеді қаржыгер Саида Тлеуленова.