2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады. Қазір қолданыстағы шектеу бойынша бұл көрсеткіш 50%-дан аспайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
БЖЗҚ мәліметінше, жаңа тәртіп міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатты ең төменгі жеткіліктілік шегіне байланыстырмай-ақ толық көлемде басқарушы компанияларға аударуға мүмкіндік береді. Ал ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде беру мүмкіндігі бұған дейін де болған.
Өтініш беру жолдары:
- БЖЗҚ-ның жеке кабинеті арқылы ЭЦҚ көмегімен онлайн;
- Қордың кез келген бөлімшесіне барып рәсімдеу.
- Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компанияға рұқсат берілген:
- Alatau City Invest;
- BCC Invest;
- Halyk Finance;
- «Сентрас Секьюритиз»;
- Tansar Capital;
- Halyk Global Markets.
Айта кетейік, Halyk Global Markets компаниясы 2027 жылдан бастап келісімшартын тоқтатады және жаңа өтінімдерді қабылдамайды. Салымшылар басқарушы компаниялардың табыстылығын, инвестициялық портфель құрылымын арнайы invest.enpf.kz платформасында салыстырып, өтініш бере алады.
Егер қандай да бір жеке басқарушы компания қаржы реттеушісінің тізілімінен шығарылса, салымшылардың қаражаты автоматты түрде Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады. Ал барлық зейнетақы шоттарының есебін жүргізуді бұрынғыдай БЖЗҚ жалғастыра береді.