Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын цифрландыру заңсыз сауда мен контрафактілік өнімдерді анықтау мүмкіндігін кеңейтті. 2025 жылы цифрлық таңбалау жүйесінің көмегімен заңсыз айналымда жүрген 21 мыңнан астам дәрілік өнім тіркелген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Цифрлық шешімдер дәрі-дәрмектерге деген сұранысты нақты есептеп қана қоймай, олардың өндірушіден пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Қазір препараттарға қажеттілік бұрынғыдай ортақ нормативтер бойынша емес, әр пациенттің нақты сұранысы негізінде жоспарланады. Жаңа жүйемен шамамен 2,1 млн адам мен 692 медициналық ұйым қамтылған.
Үкіметтің хабарлауынша, әр дәрілік қаптамаға берілетін таңбалау коды арқылы препараттың қалдығы мен қозғалысы онлайн режимде бақыланады. Жүйе дәрінің қайдан келіп, қайда жөнелтілгенін анықтауға, күмәнді операцияларды байқауға және заңсыз есептен шығарудың алдын алуға көмектеседі.
"Тек 2025 жылдың өзінде таңбалау жүйесі арқылы заңсыз саудадағы 21 мыңнан астам дәрілік өнім анықталды. Сонымен қатар дәрілік заттарды рецепт бойынша цифрлық түрде ұсынуды қамтамасыз ететін “Әлеуметтік әмиян” сервисі дамып келеді. Өткен жылы аталған сервис арқылы 13,8 миллионнан астам цифрлық рецепт берілді", - делінген Үкімет хабарламасында.
Фармацевтикалық нарықтағы тіркеу және бағаларды бекіту рәсімдері де электронды форматқа көшірілген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеледі. 2026 жылғы 4 тамыздағы мәліметке сәйкес, дәрілерді жедел сараптау аясында 63 келісім жасалып, 20 өтінім қабылданған.
Жаңа қызмет препараттар мен медициналық бұйымдарды тіркеуге кететін уақытты айтарлықтай қысқартқан. Бұған дейін бұл рәсім екі жылға дейін созылса, қазір стандартты тіркеу мерзімі 100 жұмыс күніне дейін азайтылды. Ал жеделдетілген тәртіппен препаратты 15 жұмыс күнінде тіркеуге болады.
Бұған қоса АҚШ, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ елдері, Швейцария, Канада, Жапония, Австралия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы және Сингапурдың реттеуші органдары мақұлдаған дәрілерді Қазақстанда жеңілдетілген тәртіппен тіркеу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни препарат осы елдердің бірінде тиісті тексеруден өткен болса, Қазақстанда оны қайтадан толық бағалау талап етілмеуі мүмкін.
Осылайша, цифрлық жүйе дәріге қажеттілікті есептеу, оның қозғалысын қадағалау, тіркеу және пациентке беру кезеңдерінің барлығын қамтиды. Бұл фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттырып, дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.