Қазақстанда АҚШ долларының ресми бағамы айтарлықтай төмендеді. 21 тамызға белгіленген курс бойынша бір доллар 458,23 теңге тұрады. Бір күн бұрын америкалық валютаның құны 462,22 теңге болған еді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Доллардың арзандауына 20 тамызда Қазақстан қор биржасында өткен сауда-саттық нәтижесі әсер еткен. Күндізгі сессия қорытындысында оның орташа бағамы 3,82 теңгеге төмендеп, 458,23 теңгені құрады. Осылайша, америкалық валюта 460 теңгелік межеден қайта түсті.
21 тамыздағы ресми бағам бойынша бір еуро – 535,99 теңге, ал бір Ресей рублі – 5,46 теңге.
Айта кетейік, ақша айырбастау орындары валютаны сатып алу және сату бағасын өз бетінше белгілейді. Сондықтан ондағы көрсеткіш Ұлттық банктің ресми бағамынан өзгеше болуы мүмкін. 20 тамыздағы дерек бойынша Астанада долларды орта есеппен 457 теңгеден сатып алып, 464 теңгеден сатқан. Алматыда сатып алу бағасы 456 теңге, сату құны 458 теңге болса, Шымкентте бұл көрсеткіш тиісінше 457 және 459 теңгені құрады.