Қазақстанға әкелінетін кофе көлемі кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетті. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында елге 3,2 мың тоннаға жуық өнім жеткізілген. Бұл былтырғы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда 38 пайыз артық, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, импорт құны да едәуір өскен. Алты айда шетелден сатып алынған кофеге 27,2 млн доллар жұмсалды. Былтыр осы кезеңде жұмсалған қаражат көлемі бұдан 30 пайызға аз болған. Сөйтіп, кофе импортының көлемі мен құны кемінде 2015 жылдан бергі алғашқы жартыжылдықтар арасында рекорд жаңартты.
Қазақстанға негізінен қуырылмаған арабика дәндері жеткізіледі. Бұл өнім елге әкелінген кофенің шамамен 40 пайызын құрайды. Дегенмен арабика импорты бір жыл ішінде айтарлықтай өзгермеген.
Негізгі өсім басқа санаттағы кофе өнімдері есебінен қалыптасқан. Атап айтқанда, кофеині бар қуырылған кофенің импорты 260 тоннадан 864 тоннаға дейін көбейген. Кедендік декларациялардағы мәліметтерге қарағанда, бұл санатқа ұнтақталған және еритін кофе, сондай-ақ кофе капсулалары кіреді.
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанға кофе жеткізу қарқыны үдей түскен.
Қазақстан импортталған кофенің бір бөлігін қайтадан шетелге сатады. Алайда биыл экспорт көлемі төмендеп, жалпы импорттың 5 пайызына ғана тең болған. Сондықтан сыртқа шығарылған өнімді есептемегенде, елдің ішкі нарығында қалған кофе көлемі де рекордтық деңгейге жетті.