"Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат...". Трайбализм оқу орталықтарына да жетті

"Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат...". Трайбализм оқу орталықтарына да жетті
kaztag.kz

Қазақстанда трайбализм мәселесі енді білім беру саласындағы жарнамаға да жетті. ҰБТ-ға дайындық курсын ұсынған оқу орталығы ата-аналарға үндеуінде бірнеше руды атаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жарнама "Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ. Осы рудағы ата-аналар" деп басталып, олардан баласына сапалы ҰБТ курсын іздеп жүрген-жүрмегені сұралған.

Орталық оқушыларды барлық пән бойынша ҰБТ-ға дайындайтынын, таңдау пәндерін ауыстыруға мүмкіндік бар екенін және оқу онлайн форматта өтетінін көрсеткен. Курстың ай сайынғы ақысы 16 600 теңге екені айтылған. 

Сондай-ақ, жарнамада "95 пайыз оқушыны грантқа түсірген курс" деген ақпарат берілген.

Оқу орталығы жарнамасында ру атаулары қолданылуы әлеуметтік желіде талқыланып, "білім беру қызметін ұсынуда трайбализм элементін пайдалану қаншалық орынды?" деген сұрақ туғызды.