Қазақстанда банктер несие құнын негіздеуге міндеттеледі

Қазақстанда банктер несие құнын негіздеуге міндеттеледі
Фото: ЖИ

Қазақстанда банктер, микроқаржы ұйымдары және басқа да қаржы нарығының өкілдері өз өнімдерінің бағасын құжат жүзінде негіздеуге міндеттелмек. Олар несие немесе өзге қызмет бойынша клиент төлейтін жалпы шығынның ұсынылатын пайдаға қаншалықты сай келетінін бағалауы қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.

Finratings.kz мәліметінше, жаңа талаптар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысында бекітілген. Құжат банктерге, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ брокерлерге қатысты қолданылады. Ереже бекітілген тізімге кіретін және құрылымы күрделі қаржы өнімдерін қамтиды.

Қаржы ұйымдары өнімнің әділ құнын тек оны әзірлеу кезінде ғана емес, бүкіл қолданыс мерзімі бойы бақылап отыруға тиіс. Бағалау барысында пайыздық мөлшерлеме, комиссиялар мен тарифтерден бөлек, сақтандыру, ақылы қосымша қызметтер және клиент төлейтін өзге де төлемдер есепке алынады.

Сонымен қатар ұйымның өнімді ұсынуға жұмсаған шығыны, клиент алатын пайда және нарықтағы ұқсас ұсыныстардың талаптары салыстырылады. Яғни банкке несие бойынша тек пайыздық мөлшерлемені көрсету жеткіліксіз болады. Қарыз алушының несиені рәсімдеу және пайдалану кезінде жұмсайтын барлық шығыны ескерілуге тиіс.

"Бағалау нәтижелері басқарушылық есепке енгізіліп, қаржы ұйымының уәкілетті алқалы органы қарайды. Кейінгі бақылау кезінде өнім бағасының белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталса, ұйым төлемдердің құрылымын өзгерте немесе қосымша қызметтердің құнын қайта қарай алады", - делінген құжатта.

Алайда жаңа талаптар несие мөлшерлемесі, комиссия немесе сақтандыру құны міндетті түрде төмендейді дегенді білдірмейді. Агенттік барлық қаржы ұйымына ортақ бірыңғай "әділ баға" белгілемейді.

Дегенмен банктер мен өзге де ұйымдар әр өнімнің құны неден құралатынын дәлелдеп, клиент шығыны мен алатын пайдасының арақатынасын көрсетуге міндетті болады. Егер кейбір комиссиялар, тарифтер немесе қосымша қызметтердің бағасы өнім талаптарына сәйкес келмесе, олардың құны қайта қаралуы мүмкін.