Қайтарылған активтер қазақстандықтардың өмір сапасына қалай әсер етіп жатыр?

Қайтарылған активтер қазақстандықтардың өмір сапасына қалай әсер етіп жатыр?
pixabay.com

Қазақстанға қайтарылған заңсыз активтер әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қаражаттың нақты нысандарға жұмсалуы өңірлердегі өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде елге 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылған. Оның 617 млрд теңгеден астамы республика бойынша 500 нысанды іске қосуға бағытталды.

Саяси сарапшы, Қазақстан халық дипломатиясы орталығының вице-президенті Виталий Колточник бұл жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан құру бағытының нақты көрінісі деп бағалайды.

«Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару тек қаржы мәселесі емес. Оның артында қоғамға тиесілі ресурсты елдің дамуына бағыттау деген маңызды саяси мән жатыр. Қайтарылған қаражат әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты дамуға қызмет етуі керек», - деді сарапшы.

Қайтарылған қаражаттың ең ірі бөлігі су инфрақұрылымына бағытталды. 226,5 млрд теңгеге 267 жоба жүзеге асырылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам ауылындағы және Абай облысындағы 20 мыңға жуық ауыл тұрғыны ауызсуға қол жеткізді. Ақмола облысының ондаған ауылында орталықтандырылған су жүйесі жүргізілді.

Алматының бес шағынауданында қор қаражаты есебінен су құбыры мен кәріз жүйелерінің тарату желілері салынды.

Денсаулық сақтау саласына 176,8 млрд теңге бағытталып, 190-нан астам жоба мақұлданды. Риддерде 200 орындық көпбейінді аурухана, Ақтауда жедел медициналық жәрдем станциясы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 145 нысан іске қосылды.

Қостанай облысында ауылдық дәрігерлік амбулатория мен емхана пайдалануға берілсе, Арқалықтағы өңірлік аурухананы реконструкциялау жалғасып жатыр. Шығыс Қазақстанда гематология орталығы салынып жатыр.

Спорт инфрақұрылымына 67,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені салынып, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион жөнделіп, «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Білім беру саласына 64,4 млрд теңге бағытталды. Абай, Ұлытау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа білім беру нысандары іске қосылды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға тағы 43 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар қаражат арнайы экономикалық аймақтардағы жаңа өндірістер үшін энергетикалық және инженерлік инфрақұрылым жүргізуге жұмсалып жатыр.

Еуразиялық саясат институтының директоры Максим Крамаренконың айтуынша, қайтарылған активтердің әсері халықтың күнделікті өмірінен көрінуі тиіс.

«Бұл бір реттік науқан емес, қалыптасқан механизм. Қайтарылған қаражаттың нәтижесін таза ауызсудан, ауылдағы медициналық пункттен, жаңа мектептен немесе спорт нысанынан көруге болады. Ең маңыздысы, қаражаттың едәуір бөлігі өңірлерге бағытталып, аймақтар арасындағы өмір сапасының алшақтығын қысқартуға жұмсалып жатыр», - деді Максим Крамаренко.

Осылайша, қайтарылған активтерден түскен қаражат біртіндеп нақты әлеуметтік нәтижеге айналып келеді. Жаңа мектептер, медициналық нысандар, су жүйелері мен жол инфрақұрылымы ұзақ мерзімде халыққа қызмет етуге бағытталған.