Кәсіпкер үкіметтен алған субсидия ақшасына 50 млн теңгелік элиталы көлік сатып алған

Кәмшат Тілеухан 07 ақп. 2025 09:52 1095

Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі басшысының 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады, деп жазады Dalanews.kz.

Негізінен, мемлекетіміз жоғары сапалы сүт өндірісін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету үшін сүт-тауар фермаларын ашуды белсенді түрде қолдап, ынталандыруда. Алайда аталған өндірістік кооперативінің басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған.

"Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген. Нәтижесінде сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды. Қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған субсидияларға күдікті "TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150" маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды, ол мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамға рәсімделген", делінген агенттік түсініктемесінде.

Соттың санкциясымен аталған автокөлік тұраққа қойылды. 

Күдіктіге қатысты сот 2 айға "қамауға алу" түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады.

Бұдан өзге барлық ақпарат ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар