Бүгінгі кәсіпкер, бұрындары ауылшаруашылығы вице-министрі болған Марат Толыбай Қазақстан "понттан" бірте бірте бас тарта бастайтынын айтады. Қалталы азаматтың желідегі жазбасын Dalanews.kz оқырмандарға сол күйінде ұсынуды жөн көріп отыр.
"Арзан зат тұтынатындай, мен соншалықты бай емеспін" деген сөз бар ғой. Өзім үшін соның жаңа мағынасын аштым. Расында, тек бай адам ғана арзан заттарды тұтынып, арзан қызметтерді пайдалана алады. Неге екенін білесіз бе? Өйткені ол ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емес. Өйткені ол өзін-өзі әлдеқашан "жасап" тастаған. Баршаға, ең бастысы өз-өзіне қолынан бәрі келетінін дәлелдеген. Осыдан кейінде ол үшін алыстан мен мұндалап тұратын қымбат сағаттар мен зергерлік бұйымдардың, виллалар мен яхталардың да мән-мағынасы жойылады. Әрине, кейбір қымбат дүниенің қажеттілігі бар. Мысалы, жақсы мейрамханадан түстену дегендей. Жақсы көлік те арзанына қарағанда қауіпсіз және ыңғайлы. Бірақ, практикалық тұрғыдан алғанда, мүлдем ақылға қонымсыз бізде байлықтың атрибуттары бар. Мысалы, ауыр әрі ыңғайсыз "турбийон" қолсағат. Оны біздегілер біреуге уақыттың қанша екенін айтып жіберу үшін емес, өзінің маңыздылығын көрсету үшін тағады. Дәу джиптер мен хаммерлер ше? Оларды тау-тасқа емес, қала ортасында беделін көрсету үшін мініп жүреді. Бір күні сол аса қымбат қолсағат пен хаммерлердің иелеріне ешкімге ештеңе дәлелдеп жатудың қажеті болмайтынын түсінетін уақыт келеді. Сосын олар әбден киілген джинсы шалбармен, жапон қолсағатын тағып, арамызда білінбей жүре беретін болады. Айтқандай, миллионердің қарапайымдылығы деген өзін-өзі қамтығанының, өзіне деген сенімділігінің бірден бір белгісі. Осы түсінік бірте бірте күндердің бір күні біздің "понтты" жақсы көретін Қазақстанның да басына келеді", делінген депутат жазбасында.
Айта кетсек,2025 жылы 18 шілдеде қабылданған еліміздің Салық кодексінде "сән-салтанат салығы" ретінде жеке салық түрі қарастырылмаған. Соған қарамастан, жекелеген жеке тұлғалардың мүлкінің кейбір санаттарына салық салу нормалары бекітілген. Атап айтқанда:
- Құны 18 000 АЕК және одан жоғары автокөліктер (сатып алынған көлік құнының 10%-ы мөлшерінде акциз есептеледі);
- Құны 24 000 АЕК және одан жоғары яхталар мен ұшақтар (сатып алынған көлік құнының 10%-ы мөлшерінде акциз есептеледі);
- Құны 500 000 теңгеден асатын алкоголь өнімдері (бір литрге шаққандағы теңгемен көрсетілген құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салынады);
- Құны 10 000 теңгеден асатын темекі өнімдері (сигаралар) (бір данаға теңгемен көрсетілген құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салынады);
- Жылжымайтын мүлік (пәтер, тұрғын үй және т.б.) – бір меншік иесінің атына тіркелген барлық объектілердің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, онда мүлік салығы 2% мөлшерінде есептеледі.
Егер бір тұлғаның меншігіндегі барлық салық салу объектілерінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асып кетсе, онда салық мөлшері былай есептеледі:
2 946 600 теңге + 450 млн теңгеден асатын сомаға 2% мөлшерінде.
Ал, жиынтық құны көрсетілген шектен аспайтын мүлік болса, онда әр объектінің құнына жеке-жеке салық салынады.
Бұған дейін Түркияда яхта мен катер сатып алушыларға салық төлеу міндеттелгенін жазған болатынбыз. Бюджет тапшылығына ұрынған Қазақстанда 2026 жылы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшері 12-ден 16 пайызға өседі.