Қазақстанда Smart Data Finance аналитикалық платформасы іске қосылғаннан кейін ел арасында банк картасына түскен кез келген ақшаға салық салынуы мүмкін деген пікір кең тарады. Алайда қаржыгер, салық кеңесшісі, Qazaq Expert Club сарапшысы Раушан Тасшоинова мұның шындыққа жанаспайтынын айтады. Оның сөзінше, кез келген аударым табыс ретінде қарастырылмайды және оған автоматты түрде салық салынбайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Smart Data Finance – Мемлекеттік кірістер комитеті пайдаланатын ақпараттық-талдау жүйесі. Ол түрлі мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің және басқа да ұйымдардың 74 дереккөзінен ақпарат жинап, 36 ақпараттық жүйемен байланысқан. Осы мәліметтер арқылы салық органдары күмәнді қаржылық операцияларды анықтап, салықтық тәуекелдерді талдай алады", - дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, платформада жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, жер учаскелері, бағалы қағаздар, лицензиялар, еңбек шарттары, нотариалдық әрекеттер, мобильді аударымдар және басқа да қаржылай операциялар туралы мәліметтер жинақталады. Осы деректер негізінде әрбір жеке және заңды тұлғаға қатысты цифрлық досье қалыптастырылып, салықтық тәуекелдерге талдау жүргізіледі.
Сонымен қатар жүйе Big Data, жасанды интеллект, машиналық оқыту және болжамды аналитика технологияларын пайдаланып, ай сайын шамамен 500 аналитикалық есеп әзірлейді.
Дегенмен Раушан Тасшоинова бұл платформаның мүмкіндігін асыра бағаламауға шақырады.
"Smart Data Finance өздігінен салық есептемейді және ешкімді жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдамайды. Оның негізгі міндеті – үлкен көлемдегі ақпаратты талдап, қосымша тексеруді қажет етуі мүмкін операцияларды анықтау", - дейді салық кеңесшісі.
Қандай жағдайда аударым салық органдарының назарын аударуы мүмкін?
Сарапшының сөзінше, банк картасына түскен қаражат әрдайым табыс бола бермейді. Ол қарызды қайтару, сыйлық, туыстардың көмегі, отбасы мүшелері арасындағы аударым немесе жеке мүлікті сатудан түскен қаражат болуы мүмкін.
Алайда егер картаға көптеген адамнан тұрақты түрде ақша түсіп, оның сипаты кәсіпкерлік қызметке ұқсаса, мұндай операциялар сомасына қарамастан салық органдарының назарын аударуы ықтимал.
Мұндай тәсіл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да қатысты. Егер адам қызмет көрсетіп немесе тауар сатып, одан тұрақты табыс тапса, бірақ оны декларацияламаса, мұндай операцияларға да қосымша талдау жүргізілуі мүмкін.
Сондай-ақ ресми табыс көлемі мен азаматтың шығындары арасында елеулі айырмашылық болған жағдайда да сұрақ туындауы ықтимал.
"Егер адамның ресми табысы болмаса немесе ол сатып алған мүлік пен шығындарына сәйкес келмесе, заңнама жанама әдістер арқылы табысты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда банк шоттары, мүлік, ірі сатып алулар мен мәмілелер туралы мәліметтерге талдау жасалуы мүмкін", - дейді Раушан Тасшоинова.
Қандай аударымдар заңбұзушылық болып саналмайды?
Салық кеңесшісінің айтуынша, картаға түскен кез келген қаражат салық төлеу міндетін туындатпайды.
"Мәселен, қарыздың қайтарылуы, ақшалай сыйлық, туыстардың қаржылай көмегі, отбасы мүшелерінің бір-біріне ақша аударуы немесе жеке мүлікті сатудан түскен қаражат табыс ретінде есептелмейді. Сондықтан мұндай жағдайлардың өзі салық заңнамасын бұзу болып саналмайды", - деді ол.
Дегенмен кейін сұрақ туындаған жағдайда қаражаттың қайдан келгенін дәлелдей алатындай құжаттарды сақтап қойған жөн.
"Келісімшарттар, қолхаттар, банк үзінділері, мүлікті сату құжаттары және қаражаттың шығу тегін растайтын өзге де құжаттарды алдын ала сақтаған дұрыс. Оларды бірнеше жылдан кейін қайта қалпына келтіруге қарағанда, бірден сақтау әлдеқайда жеңіл", - деп кеңес береді сарапшы.
Оның айтуынша, салық органдарынан хабарлама келсе де, бұл автоматты түрде салық есептелді немесе айыппұл салынды дегенді білдірмейді.
Алдымен қандай операцияларға қатысты сұрақ туындағанын анықтап, қажет болған жағдайда түсініктеме мен растайтын құжаттарды ұсыну керек.
"Яғни, салық органдарынан хабарлама келсе, бұл сізге бірден айыппұл салынады немесе жауапкершілікке тартыласыз деген сөз емес. Ол тек белгілі бір қаржылай операциялар бойынша түсініктеме мен қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды сұрау үшін жіберіледі", - деп түйіндеді сарапшы.