ЖИ қолданады: ІІМ азаматтарға шұғыл ескерту жасады

Сағыныш Сардарова 14 сәу. 2026 09:35

Ішкі істер министрлігі азаматтарға шұғыл ескерту жасады. Кейінгі кезде жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жасалатын интернет алаяқтықтар тіркелген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күдіктілер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк секторының өкілдері және басқа ұйымдардың мамандары ретінде көрсету үшін ұқсас суреттерді, аудио және видеоларды жасауы мүмкін. Белгісіз біреулер жалған видео мен дауысты пайдаланып, өздерін полиция қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелген. Олар азаматтарды ақшаны шұғыл түрде "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіреді. Сонымен қатар, ресми хабарламаларға ұқсас етіп жалған хабарламалар мен құжаттар жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары өкілдерімен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат боттарды пайдалану деректері де кездескен.

Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметті сұрамайтынын және телефон арқылы қаржы операцияларын жүргізуді ұсынбайтынын ескертті.

"Алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауын орындамаңыздар, жеке және банк дерегін бермеңіздер, сондай-ақ, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove