"Жұмысшы мамандықтар жылы". Түркістан облысында білікті мамандарды даярлауға басымдық беріледі

Ақтоты Жапатова 20 ақп. 2025 15:32 782

Биыл елімізде Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен маңызды басқосуда осы бағытта атқарылатын жоспарлар таныстырылып, өндірістік және әлеуметтік салаларда жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру үшін түрлі шаралар өткізілетіні айтылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
"Өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы аймақта ашылған және енді ашылатын өндіріс орындарында жұмыс істейтін жастарды даярлауды тапсырды. Осы мәселе басты назарда болуы тиіс. Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» жылын өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілді. Жоспар 7 бағыт, 64 қадамнан тұрады. Басты міндетіміз – жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жұмыс берушілердің жұмысшы мамандықтары кадрларын даярлауға және қолдауға қатысуын арттыру және имиджін көтеру. Салалық басқармалар, аудандық, қалалық әкімдіктер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бірлесе жұмыс атқарады. Сонымен қатар салалық басқармалар мен әкімдіктер өздерінің жоспарларын жасап, әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмысшыларға қолдау көрсетеді. Өңірдің еңбек нарығына болашақтағы сұранысқа ие «Мамандықтар атласы» жасалады. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек", – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
 
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова осы бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорындарда-кәсіби бағдар, орта, ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен ашық есік күндері және «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері мен экскурсиялар ұйымдастырылады. «Mamandyk Fest» фестивалі, «Мамандықтар жәрмеңкесі», «Дублер күні» жобасы, «One School One Skill» (бір мектеп - бір дағды) жобасы, «Jas SkillsTurkistan», «Junior Skills Turkistan» кәсіби шеберлік конкурстары мен пәндік олимпиадалар қолға алынды. Жастардың арасында «Жұмысшының бір күні» аймақтық жұмысшы мамандықтар жәрмеңкесі, «Жұмысшы мамандығы – табысты болашақтың кілті» форумы, «Мен кәсіпкермін!» облыстық конкурс, «НаурызFEST», фестивалі, «Бизнесидея» байқауы, «Чемпиондар» және «Еңбек кубогы» спартакиадалары және тағы басқа іс-шаралар жыл бойы өткізіледі.
 
Сонымен қатар биыл «Бір колледж – бір өнім» деп аталатын жоба енгізе отырып, 5 колледждің базасында цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысы атқарылауда. Білікті жұмысшы маман дайындаудың құралы болып саналатын дуальды оқыту қолға алынған. Бүгінгі таңда, 35 колледжде дуалдық оқыту жүйесімен 64 мамандық бойынша 654 орта және кіші кәсіпорынның қатысуымен 10 353 білім алушы қамтылған.
 
Инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысы негізінде жаңа мамандықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мектептерде 10 бейіндік сыныптар және қосымша білім беру ұйымдарында техникалық клубтар ашылады. Колледждерге ребрендинг жасау, яғни білім мекемелерінің имиджін көтеру және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жүргізіледі.
 
2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Оның ішінде 8 678-і – жұмысшы мамандықтары. 2025-2026 оқу жылына 15500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған. Соның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9500-ге ұлғайту жоспарланып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар