DALA INSIDE дереккөзінің айтуына қарағанда, ертеңнен бастап осы тақырып бойынша жабық есік жағдайында біршама консультация жүрмек. Доллар бағамының 500 теңгеден төмен болуы республикалық бюджетте биыл бекітілген 540 курсынан шамамен 9 пайызға ауытқып тұр және негізгі салық төлеуші болып табылатын шикізаттық экспортер компаниялардың табысын азайтып, шығынын арттырып, дисбаланс туғызуы мүмкін. Олардың табысы азайса, бюджетке төленетін корпоратив салық көлемі де құлдырап, биылғы 18,8 триллион теңге деп бекітілген салық жинау жоспары орындалмайды.
"Негізі Үкімет салық аптасының бітуін күткен еді. Ол апта өтті. Енді ертең қор биржасындағы котировкаларға қарайды. Теңге курсы құлдырамаса, онда Қаржы министрлігі Ұлттық банктен Жинақтаушы зейнетақы қоры үшін валюта сатып алуды күшейтуді және керісінше алтын бойынша айналау операцияларын уақытша тоқтата тұруды сұрауы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қор биржасында теңгені көбірек сатып, долларды көбірек алып, теңгені 520 курсына құлатуға тырысып көреді", - дейді, дереккөз.
Наурыз айына 520 курсымен кіру аса маңызды. Себебі, одан кейін I тоқсан аяқталып, 2026 жылғы салық циклы басталады. Осы циклға теңге долларына 500-ден төмен курспен кірсе, экспортер компаниялар мен салық жинайтын Қаржы министрлігінде кәдімгідей проблемалар басталмақ. Ал халықаралық резервке жататын Ұлттық қор бюджетке беруі тиіс 5 миллиард доллардың үстінен жоспардан бөлек қосымша 400-500 миллион доллар жағып жіберейін деп тұр.
Қазақстан - классикалық экспорттық экономика. Мұнай, уран, мыс, ферроқорытпа, астықтың бәрі сыртқа доллармен сатылады. Ал шығындардың басым бөлігі теңгемен төленеді. Егер әлемдік нарықта өнім тоннасына 1000 доллар тұрса, курс 550 болғанда экспорттаушы 550 мың теңге алады, ал курс 500 болса 500 мың теңге ғана түседі. Бір тоннадан 50 мың теңге жоғалтқан кәсіпорын жалақыны көтермейді, жаңа техника алмайды, кейде жұмысшыларды қысқартады. Осылайша қымбат теңге біртіндеп зауыттың тынысын тарылтады.
Бұл құбылысты экономистер "голланд ауруы" деп атайды. Шикізаттан доллар көп келеді, ұлттық валюта күшейеді, ал өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Қазақстан бұл циклді 2006, 2013, 2022 жылдары бастан өткерген болатын. Әр кезеңде теңге күшейгенде импорт көбейіп отырды да, отандық өндіріс кері кетіп жүрді.
Биыл экономиканы 1 триллион теңгемен кредиттеуді бастап кеткен Үкіметке дәл қазір "голланд ауруы" еш қажет емес. Себебі ондай жағдайда бұл жұмыстың барлық эффектісі жойылып кетпек. Дереккөздің сөзінше, енді қымбат теңге мәселесін шешуге бір апта ғана қалып отыр.
