"Жылына 20 мың теңгеге дейін төлейсіз". Елімізде тұрғын үйді сақтандыруды міндетті еткелі жатыр

Кәмшат Тілеухан 18 там. 2025 12:47

Тұрғын үйді сақтандыру бойынша міндетті жарналар 1 мың теңгеден 20 мың теңге аралығын қамтуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) хабарлады, деп жазады Dalanews.kz  LS-ке сілтеме жасап.

Бірінші кезеңде аталған жүйе су тасқыны, жер сілкінісі және орман өрті сияқты табиғи апаттардың салдарынан туындаған шығындарды жабатын болады.

"Бұл азаматтардың мүлкіне барынша зиян келтіретін табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда халықтың қаржылай қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", деп түсіндірді ҚНРДА.

Агенттіктің хабарлауынша, тұрғын үйді міндетті сақтандыру бойынша актуарлық есепке сәйкес халық үшін жарнаның базалық мөлшері жылына 0,5-тен 5 АЕК-ке дейінгі (1 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін) шек аралығында белгіленетін болады.

"Бұл ретте сақтандыру сыйақыларын белгілі бір аймақтың табиғи апаттарға ұшырау қаупінің деңгейіне қарай дифференциялау көзделетін болады, сонда қаржылық жүктемені әділ бөліп қарастыруды қамтамасыз етуге және табиғи апатқа бейім емес аймақтардағы тұрғын үй иелері үшін шамадан тыс өсімді болдырмауға мүмкіндік болады", – деп түсіндіреді реттеуші орган LS-қа берген жауабында.

Қазір заң жобасы әзірлену барысында. Құжат 2025 жылдың соңына дейін Мәжіліске ұсынады деп күтіледі. ҚНРДА аталған құжатты әзірлеу кезінде Түркия, Әзірбайжан, Испания, АҚШ және Қырғызстанның тәжірибесі негізге алынғанын атап өтті.

Бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев Тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру 2026 жылдан бастап табиғи апатқа бейім өңірлердің тұрғындары үшін енгізілуі мүмкін екенін айтқан болатын. Ол үшін Қазақстан халықаралық банктерден қарызға ақша алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар