Жыл басынан бері Қазақстанда айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді - ҚМА

Кәмшат Тілеухан 07 қаз. 2024 13:41 1601

Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060  жалған банкнот тәркіленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның ішінде:

  • ұлттық валютада 647 100 теңге сомасына 141 купюра,
  • 90 400 АҚШ долларына 905 купюра,
  • 2 000 еуроға 4 купюра,
  • 1 000 юань сомасына 10 купюра анықталды.

Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы құны 43 млн теңгеден асады.

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Алматыда ірі көлемдегі жалған 100 долларлық купюраларды өткізу фактісін анықтады.

"Бір топ адам жалған купюраларды өткізу әрекеті кезінде ұсталды. Алматының екі тұрғыны криптовалюта сатып алу желеуімен жалпы сомасы 32 700 АҚШ долларын құрайтын жалған шетелдік купюраны бірнеше рет сатқан. Сот үкімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 5,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - дейді ҚР ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Сондай-ақ, ел азаматтарынан қолма-қол ақша айналымымен байланысты азаматтар мен қаржылық мониторинг субъектілерінен (ЕДБ, айырбастау пункттері, ломбардтар және т.б.) жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне хабарлау сұралады, анонимділікке кепілдік беріледі.  

"Жалпы, 2024 жылы жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды", делінген 7 қазанда ҚМА жариялаған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар