Жетісуда сенбілікке 11 мыңнан астам адам қатысып, 788 тонна қоқыс шығарылды

Ақтоты Жапатова 28 сәу. 2025 11:22 161

Жетісуда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік ұйымдастырылып, оған жалпы саны 11 мыңнан астам жетісулық тұрғын қатысты,– деп хабарлайды Dalanews.kz 

Сенбілікте облыс әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, ауылдар мен қалалардың тұрғындары болды. Тазалық шарасында облыс аумағындағы елді мекендер түгел қамтылып, көшелердің бойында, саябақ, сквер, аллеяларда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Жалпы осы күні облыс бойынша сенбілікке 11 490 адам, 66 техника жұмылдырылып, 788 тонна қоқыс шығарылды.

- Бүгін сенбілікте Талдықорғандағы Назарбаев көшесінің бойында Қаратал өзенінің маңын тазарттық. Әр сенбіде өткізілетін мұндай шаралар қала тазалығына, экологиялық мәдениетімізді қалыптастыруға өзінің жақсы әсерін тигізеді деп ойлаймын. Оған қоса сенбі күндері отбасы мүшелерімен бірге өз тұрғын үйіміздің маңайын тазалауды да тұрақты дәстүрге айналдырдық. Жалпы мұндай сенбіліктер қоршаған орта үшін де, тұрғындардың өзі үшін де пайдалы екенін ұғынып, әрқайсымыз да үлес қосуымыз керек, - дейді қала тұрғыны Маржан Серікбаева.

Көктемгі тазалық шараларымен қатар бұл күні көгалдандыруға да көңіл бөлінді. Жалпы биыл 120 мың көшет отырғызу жоспарланған, соның ішінде бүгін «Бәріміз бірге» акциясының аясында 1 360 ағаш отырғызылды, соның 1 160-ы жапырақты, 200-і - қылқан жапырақты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар