Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Талдықорған қаласындағы «Достық үйі» маңынан жаңа аллея ашылды. «Достық аллеясының» ашылу салтанатына облыс басшылығы, Ассамблея өкілдері және жастар қатысып, уақыт капсуласын қойды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Осы күні салтанатты шараға қатысушылар аллеяға 30 түп катальпа ағашының көшетін отырғызды. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, қоғам қайраткері Атсалим Идигов және белсенді жастар қатарынан Екатерина Подгорная болашаққа бағытталған тілек жазылған уақыт капсуласын орналастырды. Уақыт капсуласы 2030 жылы, яғни ҚХА 35 жылдығында алынып, оқылатын болады.
Осы шараға белсене қатысқандар арасында І. Жансүгіров атындағы университеттің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Бархудар Гусенов те бар.
- Бүгінгі отырғызылған көшеттердің 30 деген саны кездейсоқ таңдалған жоқ. Ол – Ассамблеяның 30 жылдық тарихындағы татулық пен тұрақтылықтың, түрлі этностардың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп келе жатқанын білдіретін символ. Әр отырғызылған тал – табиғатқа деген қамқорлықтың ғана емес, ел болашағына қалдырылған рухани мұраның, үміттің де көрінісі. Ал «Болашаққа хат» уақыт капсуласының салыну – бүгінгі ұрпақтың ертеңгі күнге деген сенімі, елдің болашағына аманат еткен жүрек сөзі деп білемін, - дейді ол.
Осылайша, аталмыш аллея Талдықорған қаласының халық демалатын көрнекті орындарының біріне айналмақ.
Қатысушылар шара соңында естелік суретке түсіп, ақсақалдар шараны ұйымдастырушылар мен жастарға ақжолтай тілектерін білдірді.