Жетісу. Шалғайда жатқан Лепсі ауылына биыл ауыз су тартылды

Жарбол Кентұлы 08 ақп. 2025 11:42 2125

Жетісу облысының шалғайдағы шекаралық Алакөл ауданында 56 елді мекеннің 48-іне немесе 85,7%-на орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылған. Мәселен, биыл Лепсі ауылына ауыз су желісі тартыла бастайды. Сонымен қатар осы жылы Қоңыр ауылында су жүйесінің құрылысы мен Теректі ауылында жаңғыртудың 2-ші кезегі басталады деп күтілуде, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, Лепсі ауылындағы 1980 жылдары салынған ауыз су жүйесі қазір қолданыста емес.

– Лепсі ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобада 49,4 км сумен жабдықтау желілерін, 2 сорғы станциясы мен 2 резервуар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станция, дизельді электр станциясын салу көзделген. Бүгінгі таңда мердігер ұйым анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын ауданның ауа райы жағдайын ескере отырып, сәуір айында бастау жоспарланып отыр, – делінген басқарманың хабарламасында.

Атап өтсек, Алакөл ауданында өткен жылы Бибақан ауылы орталық ауыз су жүйесіне қосылса, Теректі, Көктұма, Екпінді ауылдарында су желісіне жаңғырту жүргізілген болатын. Сол сияқты Тоқжайлау ауылында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қазір су жүйесін тексеру және іске қосу жұмыстары жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалпы Жетісу облысында 2025 жылдың аяғына қарай орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 331-ге жетеді немесе орталық су жүйесімен қамту деңгейі 92,5% болады деген жоспар бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар