Жетісу облысында балалар мектептегі информатика кабинетіндегі компьютер арқылы ересектерге арналған сайттарға, сондай-ақ "Игра Сатаны" атты діни ресурсқа кіргені анықталды, деп жазады Dalanews.kz.
Бүгін, 27 қаңтарда Жетісу облысының прокуратурасы балаларды қорғау мақсатында тыйым салынған сайттарды бұғаттағанын хабарлады.
"Балаларға қатысты заңға қайшы іс-әрекеттерге, соның ішінде интернет ресурстары арқылы болса ерекше назар аударылады. Осылайша, Көксу ауданындағы 7 мектепте 4 мың оқушы информатика кабинетіндегі тыйым салынған сайттарға, соның ішінде "Игра Сатаны" діни ресурсын және мазмұны ересектерге арналған сайттарға кірген. Прокурорлық қадағалау актісімен бұл сайттар бұғатталған. 7 мұғалім жол берілген бұзушылықтары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратура ата-аналарды балалардың виртуалды белсенділігін үнемі қадағалап отыруға және олардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға шақырады.