Жетісай шаруалары үшін жаңа мүмкіндік: машина-техникалық станция ашылды

Ақтоты Жапатова 31 нау. 2025 12:15 656

Жетісай ауданындағы Мақталы ауылдық округінде машина-техникалық станциясы ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
 
«Мақталы Жер» ЖШС-не мемлекет тарапынан 470 млн. теңге жеңілдетілген несие берілген. Жылдық үстемесі 5 пайызды құрайтын несиеге кәсіпкер 36 дана ауыл шаруашылығына қажетті заманауи түрлі техникалар мен агрегаттарды сатып алған.
 
Айта кету керек, Сержан Тастанбековтың басшылығындағы серіктестікте бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласына қажетті 52 дана түрлі техникалар мен агрегаттар болған.
 
Аудан әкімі Серік Мамытов Мақталы ауылдық округінде орналасқан аталмыш станцияда болып, техникаларды көрді. Ондағы көрсетілетін қызметтердің барысымен танысты.
–Ерте көктемнен егістіктің басынан табылатын шаруаларымыз үшін егістік алқаптарда тиісті жұмыстарды дер кезінде жүргізу, гектарына кететін шығынды азайту – егін егіп, мол өнім алудың негізгі тетігі. Сондықтан агросектордағы озық технологиялар мен заманауи техникаларды пайдалану аса маңызды, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде «Мақталы Жер» ЖШС мамандары заманауи техникалардың көмегімен сынақтан өткен тәсілдерді көрсетіп, ғалымдардың нұсқаулықтарын ұғындыруды, қажет болған жағдайда дихандарға жұмыс істеу ережелерін үйретуге дайын екендерін айтады.
 
Өткен жылдың өзінде жетісайлық шаруалар ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бағытында мемлекеттік қолдаулар арқылы 182 дана жаңа техникалар сатып алған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар