1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыда мыңдаған қазақ жасы алаңға шығып, әділетсіз шешімге қарсылық білдірді. Олар қазақ елін өз ұлтының өкілі басқаруын талап етті. Алайда бейбіт басталған бұл наразылық қанды қақтығысқа ұласып, азаттықты аңсаған талай жас қыршыннан қиылды. Сол бір зұлмат күндердің ізі әлі өшкен жоқ. Осыған байланысты Dalanews.kz редакциясы Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқан құрбандардың жерленген орындары туралы қысқаша мәлімет ұсынады.
Қайрат Рысқұлбеков

Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы 21 жасында Семейдегі түрмеде қаза тауып, сол қалада жерленген.
Ресми деректерге сәйкес, мәйітін туған жері Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданына апаруға рұқсат берілмеген.
Ләззат Асанова

Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова 16 жасында көз жұмды.
Оның зираты Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Ақжазық ауылында орналасқан.
Сәбира Мұхамеджанова

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай өңірінің тумасы Сәбира Мұхамеджанова Алматыдағы жастар шеруін қолдап, Өскемен қаласының студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеруге шыққан. Осы әрекеті үшін ол "тәртіпсіздікке қатысушы" деп бағаланып, қысым көріп, небәрі 16 жасында қаза тапты.
Сәбираның мәйіті туған жерінде жерленген.
Ербол Сыпатаев

Энергетика институтының 2-курс студенті Ербол Сыпатаев 22 жасында Желтоқсан оқиғасы кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Ол Алматы облысы Панфилов ауданында жерленген.
Ербол – бір үйдің жалғыз баласы еді. Ол "Құйын-86" операциясының құрбаны саналады.
