Жексон және Веник заңы күшін жояды: «Конгресс Қазақстанға тұрақты сауда серіктесі» деген статус беруі мүмкін

Dalanews 14 қыр. 2023 06:37 831

 «Конгресс Қазақстанға тұрақты сауда серіктесі» деген статус беруі мүмкін, – деп хабарлайды DALAINSIDE. 

«Орта Азия жаһандық геосаяси пазлдың маңызды бөлшегі болады» деген әулие Бжезинскийдің болжамы ақиқатқа айналуда.

АҚШ мұқым аймақ елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен мықтап айналыспақ. Аймақтағы гегемондар Бейжің мен Мәскеуге қарсы hard power позициясын ұстанатын Ақ үй бізді soft power стратегиясымен баурайтын болады.

Әміриканың медиа кеңістігіне барлау жасаған DALA INSIDE келесідей жағымды тенденцияның қарқын алып жатқанын қуана хабарлайды. Бұл екі арасындағы қарым-қатынас кодексінде бұрын-соңды байқалмаған үрдіс...


Өткен апта АҚШ-тың бірқатар беделді басылымдары Байден әкімшілігінен Қазақстанға шындап көңіл бөлуді сұрап, арты-артынан бірнеше материал жариялады.

Әйгілі Atlantic Council (Атлантика кеңесі) аналитика орталығы бізге қатысты терең талдау жасап, 78 млн тұрғыны бар аймақты Қытай мен Ресейдің талауына беріп қоймауды үндеген екен.

Құрамына Ақ үйге сөзі жүретін ықпалды саясаткерлер мен тісқаққан дипломаттар, танымал лоббистерді топтастырған орталық өткен 30 жылда АҚШ-тың бірде-бір президенті аймаққа ат басын бұрмағанын, Путин мен Сидің экспанциясы күшейіп жатқанын әйбәттап жазыпты.

«Қазақстанның геосаяси потеницалымен санасатын кез келді. Экономикадағы (біз айтқан soft power) әріптестік бұдан былай АҚШ-тағы министрлер кабинетінің деңгейінде қаралуы тиіс, оны жұмыс тобына ысыра салуды доғару қажет. Сәйкесінше, қаржыландыру көлемі ұлғаюы керек», – дейді Atlantic Council.

Әміриканың халықаралық саясаттағы бағыт-бағдарына ықпал ететін The National Interest журналы да осы сарында сөйлепті. Басылым «аз уақыттан кейін Қазақстанда орыстың пенсионерлері ғана қалады...» деп болжайды. Ішімізден «ләйім айтқаның келсін» дедік.

Бұл екеуін біріктіретін бір дүние бар. Ол – атышулы Жексон және Веник заңы. Сонау қырғи қабақ соғыс кезінде қабылданған көне құжат Қазақстанның АҚШ-пен жүйелі сауда байланысын орнатуына кедергі келтіріп келеді.


Мәселені бүйірінен қойған Atlantic Council мен National Interest Конгресстен Қазақстанды блоктан шығарып, «Әміриканың тұрақты сауда серіктесі» деген статус беруді сұрауда. Конгресс Жексон және Веник заңына termination (күшін жойса) жасаса, Қазақстанға ағылатын ақша мен инвестиция, тауар атаулы ондаған, жүздеген есе өседі. Ресейдің экономикалық экспанциясын тежейтін паритет пайда болады. АҚШ ел нарығына енсе, ескі Қазақстаннан қайтарылған ірі компаниялар америкалық кәсіпкерлердің иелігіне берілуі мүмкін.

Оның жалғыз жолы – Жексон және Веник заңының күшін жою.

DALA INSIDE-қа жеткен мәлімет бойынша осы айдың ортасында өтетін Орта Азия – АҚШ саммитінде (C5+1) осы мәселе жан-жақты талқыланады. Нью-Йорктен жақсы жаңалық күтеміз. Байден ата бастаған, Орта Азияның бес президенті қостаған басқосу тағдыршешті болмақ.

Ақ үй экономикалық интеграцияға жол ашатын жоба ұсынады деп күтілуде. Әлбетте, бұған Мәскеу демарш жасауға тырысады. «Қарғысы қара басына көрінсін» деп тілейік. Бір аптадан кейін шымылдық түретін шара Әмірика үшін аймақтан айырылып қалмаудың соңғы мүмкіндігі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар