Дәстүрлі фестивалді «QAZAQSTAN JASTARY» ҚҚ және Қазақстан студенттерінің Альянсы ұйымдастырса, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау көрсеткен.
«Jastar Jalyny-2022» фестивалі жалынды буынның шығармашылық әлеуетін шыңдауға, дарынды жастарды анықтап, белсенді студенттерді шабыттандыруға сүбелі үлес қосып келеді.
Жастардың рухани және мәдени әлеуетін дамытып, студенттерге эстетикалық және этикалық тәрбие беру жүйесін жетілдірумен қатар, адамгершілік құндылықтар мен көшбасшылық қасиеттерін арттыру да фестивалдің негізгі мақсатын айқындап берді.
Әсіресе, кейінгі жылдары «Jastar Jalyny» фестиваліне елорда жастары белсенді қатысып, өздері білім алатын жоғары оқу орындарының беделін арттыруға мейлінші үлес қосуда десек, асыра сілтегеніміз емес.
Өйткені, ауқымды фестивальде 10 номинация бойынша топқа түскен жастар жалпы есепте көш бастауға барын салатыны сөзсіз. Бұл жолы фестивальға Астана қаласындағы 14 университтің студенттері қатысып, медиа, заманауи би, ұлттық би, эстрада, музыкалық аспаптар, айтыс, поэзия, сурет салу, театр, qazaq quiz аталымдарында кім мықтыны анықтады.
Шығармашылықтың шыңына шығуға талпынысы жоғары жастардың өнерін әр саланың кіл мықты, тәжірибелі әрі танымал мамандарынан жасақталған қазылар құрамы бағалады. Оның ішінде мәдениет және өнер қайраткерлері, елге еңбегі сіңген әртістер, кәсіби хореографтар да бар.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мемлекеттен жастарды қолдау мақсатында іске асып жатқан жобалар жөнінде аз-кем айтып өтті.
«Ел үкіметі жастарды қолдауға айрықша көңіл бөліп отыр. Астана қаласының әкімдігі биыл жастарды жұмысқа орналастыру үшін 60-тан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар елордамыз жастардың қаласына айналуда. Мемлекет тарапынан жас отбасыларға пәтер беру бағытында жүйелі жұмыстар 2019 жылдан белсенді түрде басталды. Жас отбасылардың аяққа тұру үшін 5 жылға жалдамалы пәтер берудеміз. Қала әкімдігі «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жыл сайын 200-ден астам жастың баспаналы болуына жәрдемдесуде.
Сондай-ақ мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмаған түлектерге елорда әкімдігі арнайы гранттар бөледі. Биыл 1 300-ден астам нарықтағы сұранысқа ие мамандыққа грант бөлінді.
Бүгінгі фестиваль де жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Әрине мұнда басты мақсат жеңіс емес, елорданың белсенді жастары бас қосып, бірін-бірі жақын тани түссе деген ниет те бар», – дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Апта ішінде әр номинация бойынша жекелей сында бірінші орын еншілегендер 100 мың теңгеден сыйақы алса, екінші орын олжалағандарға 70 мың теңге тағайындалды. Үздік үштіктен көрінген студенттерге 50 мың теңгеден тиді.
Ал жалпыкомандалық есепте биылғы фестивалдің бас жүлдесін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қанжығаға байлады. Сол секілді екінші орынды Turan-Astana университетінің жастары жеңіп алса, үшінші орын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне бұйырып, олар да қаржылай сыйлықтан құр қалмады.