Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында жастарды – кейінгі буынды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, мемлекетке қызмет ететін лайықты азаматтар ретінде баулу мәселелері үнемі биліктің назарында болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Отаншылдық – мемлекеттігімізді сақтаудың басты кепілі. Туған жерге деген сүйіспеншіліктен артық қасиет жоқ. Туған халқына қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Патриоттық – алаңға шыққандардың әдемі ұраны емес, ел игілігі жолындағы адал еңбек», деуі де сондықтан. Осының ішінде әскери қызметшілер арасында қазақстандық патриотизмді дамыту және жастарды әскери-патриоттық бағытында тәрбиелеу мәселелері – Қорғаныс министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Бұл орайда, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жасағында көптеген қазақ балалары ұлтжандылыққа, патриотизмге, адамгершілікке тәрбиеленуде.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің сөзінше, соңғы бес жылдың өзінде осы қозғалыс аясында 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйымдар біріккен, олардың жүзден астамы әскери бөлімдерде еңбек етіп жүр. Ал осы қатарға әр қаладағы орта мектептерде ашылған «Жас сарбаз» сыныптары мен «Смарт сарбаз» клубтарын қосыңыз.
«Жас сарбаз» қозғалысы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасының іргелі бөліктерінің бірі болып қала беретінін айта кеткен жөн. Бұл құжат тәуелсіздік жылдарында жинақталған әскери-патриоттық тәрбиенің білімі, тәжірибесі мен дәстүрі негізінде дайындалды. Бағдарламада күрделі геосаяси жағдайларда жастардың Отанды қорғауға дайындығын қалыптастырудың үздіксіз оқу-тәрбие процесінің маңыздылығы ескерілген. Ол әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды әскери қызметке ынталандыру мен дайындығына қатысты кең ауқымды мәселелерді шешуде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуіне негіз қалайды», - деп түсіндірді Сұлтан Бүркітбайұлы.
Бағдарлама балаларға әскери-патриоттық тәрбие берудің басымдығын сақтай отырып, жас ұрпақтың барлық әлеуметтік топтары мен жас топтарына бағытталған. Оның аясында бірнеше бағыттағы бастамалар жүзеге асырылатын болады. Бұл ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша жұмыстың нысандары мен әдістерін жетілдірумен қатар, әскери бөлімдердің білім беру ұйымдарына қамқорлық жасау тәжірибесін дамытады. Бұл ретте, еріктілер қозғалысын құрып, ақпарат беру де маңызды.
Жалпы, «Жас сарбаз» қозғалысының мақсаты ең алдымен, балаларымызды ел тарихын құрметтеуге, Отанға деген сүйіспеншілікке, салт-дәстүрді сақтауға, еркіндікке ұмтылу рухында тәрбиелеуді көздейді. Нағыз патриот болып өскен олар Қазақстанның тәуелсіздігін ең биік құндылық санайтын болады.
«Негізі, оларды оқыту процесі бірнеше маңызды бағыттарға бөлінеді. Алғашқысы – «Білімді жас сарбаз» – білім культін, оның ішінде тарихи білімді насихаттау, шет тілдері мен заманауи технологияларды меңгеру қажеттілігін және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Келесісі – «Саналы жас сарбаз» жас ұрпақтың бойында жоғары адамгершілік және іскерлік қасиеттерді дамытуға, мәдени бірегейлікті сақтауға, ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтуға басымдық береді. «Жігерлі жас сарбаз» жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға, ерік-жігерлік қасиеттерді нығайтуға жаппай құштарлықты қалыптастыруға бағытталған. «Болашағы зор жас сарбаз» балаларды тарихымызбен таныстырып, Тәуелсіздік жетістіктерін насихаттап, Отанға деген адалдықты оятады», - дейді министрдің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов бұл мәселелерге үлкен көңіл бөлуде. Отан қорғаушы жастайынан дайындалып, үнемі шыңдалып, рухы мен тәні шынығу керектігін үнемі айтып отырады. «Жас сарбаз» қозғалысының топтарында балалардың бойына азаматтық белсенділік, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттерді сіңіріп, қолданбалы әскери спорт түрлерімен де таныстырады. Ал Қорғаныс министрлігінің алдында адамгершілік-патриоттық тәрбие беру саласындағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды әскери қызметке дайындауға көмектесу, олардың интеллектуалдық және дене белсенділігін дамыту, әскери саланы оқып-үйрену мен Қазақстанның тарихи мұрасын сақтау қажеттілігін насихаттау сияқты міндеттер тұр. Осының барлығына әскери-патриоттық клубтар базасында бұқаралық-тәрбие жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру арқылы қол жеткізуге болады.
«Бұл жерде мұндай жұмыстың өзіндік пайдасы бар екенін атап өткім келеді. Былтыр «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының жас мүшесі, батыр, 8-сынып оқушысы Ақжол Нұрланұлы «Ел қорғаны» медалімен марапатталды. Ол өткен жылғы 22 қарашада жолаушылары бар, жүргізушісі рульде есінен танып қалған автобусты тоқтатып, өте батыл әрекет жасады. Оқиға Алматы облысының Іле ауданы Өтеген батыр ауылында болған. Қорғаныс министрінің атынан жас жігітке марапатты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Аэро-шабуылдаушы күштерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыс етті. Бұл медальмен ерекше көзге түскен әскери қызметкерлер немесе республиканың қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қосқан ел азаматтары марапатталады», - деп атап өтті Сұлтан Камалетдинов.
Жалпы, ұйымның әскери-патриоттық тәрбие жоспарларына бұрын басқа мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен келісілген жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған ұйымдастырушылық, әдістемелік және практикалық іс-шаралар кіреді. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық өңірлерінде «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының филиалдары ашылды, облыс әкімдерінің бастамасымен жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеуді жетілдіру бойынша үйлестіру кеңестері құрылды.
Әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық өңірлерде ұйымдастырушылық, әдістемелік және тәжірибелік шаралар кешені қалыптасып жатыр. Жыл сайынғы, қорытынды және есеп беру форумдары, әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша сырттай жиналыстар мен қоғамдық тыңдаулар, оқу-әдістемелік жиындары, түрлі байқаулар, патриоттық әндер фестивалі, әскери дала ойындары, әскерилендірілген эстафеталар, «ерлік сабақтары», демалыс лагерлері және тағы басқалары көбірек өткізіледі. Жалпы алғанда, қозғалыс пайда болған уақыт ішінде әртүрлі мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, екі миллионнан астам баланы қамтыған бір жарым мыңнан астам іс-шара өткізілді.
«Елімізде 2015 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны «Жас сарбаз» қозғалысының ең ауқымды акциясына айналды деген пікір бар. Расында да жас патриоттың бейнесін қалыптастыру жұмысында жыл сайынғы «Айбын» жиыны ерекше орын алады. Республикалық шара қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде өңірлік оқу-жаттығу жиындары өтеді, өңірлерде көптеген балалар өздерінің шағын Отанын қорғау үшін күресуде. Ал облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша үздік командалар жылдың басты әскери-патриоттық шарасына жолдама алады. Нағыз әскери полигон болып белгіленген ұрыс алаңдарында қозғалыс студенттері күштерін сынайды. Осыдан кейін олардың көпшілігі өздеріне сеніп, Отан қорғаушы жолын таңдайды», - дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Мәселен, 2020 жылғы «Айбын» слетінің «Үздік сарбаз» аталымы бойынша жеңімпазы Арыс қаласынан келген Мейірхан Төлбасы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түсті. Аты аңызға айналған бұл әскери оқу орнына «Жас сарбаз» қозғалысының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Шавкат Жұмалиев те Аэро-десанттық-шабуылдаушы әскерлер қатарында әскери борышын өтеп келген. Осы жылдар ішінде «Айбын» оқу-жаттығу жиынының жеңімпаздары шетелде әскери іс бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Айталық, Рүстем Жәдігер Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әскери университетінде курсант атанса, Дмитрий Яицкий Новосибирск құрама қару-жарақ командалық институтында, Дәулет Айдарбеков Санкт-Петербургтегі Әскери-теңіз институтында білім алуда. «Жас сарбаз» қозғалысының Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Дулат Әбдісамат қазір Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет етеді. «Айбын-2022» жеңімпазы, Жетісу өңіріндегі «Жас сарбаз» қозғалысының түлегі Сұлтан Серікқұл бүгінде Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының курсанты атанды.
Сұлтан Бүркітбайұлы ведомствоның ел ішінде де, шетелде де әріптестерімен ынтымақтастығы туралы әңгімеледі. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдерімен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Халықаралық ынтымақтастық аясында Ресей Федерациясының «Жастар армиясы» әскери-патриоттық қозғалысымен меморандумға қол қойылды.
«Былтырғы 14 наурызда Үндістанның Нью-Дели қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жастар кеңесінің 16-шы отырысы өтті. Ең маңыздысы, ШЫҰ Жастар кеңесінің қазақстандық делегациясының құрамында «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі болды. Кездесу барысында тараптар ШЫҰ Жастар кеңесі ұлттық департаменттерінің 2022–2023 жылдарға арналған қызметі туралы ақпаратпен алмасты. ШЫҰ Жастар кеңесінің қазақстандық делегациясынан «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы, майор Мейірбек Меңдіғалиев қазақстандық әскери-патриоттық қозғалысын мысалға ала отырып, ШЫҰ-ға мүше елдердің жастарын біріктіру туралы бастама көтерді. Ал ШЫҰ-ға мүше елдердің жастар делегациялары Қазақстан Республикасының 2023–2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалық еткен жылы осы бағыттағы бастама мен іс-шараларды жүзеге асыруға ерекше қызығушылық танытты», - деді министрдің орынбасары.
Қазіргі таңда еліміздегі әскери-патриоттық ұйымдарға 280 мыңнан астам ұл-қыз тартылған, бұл республикадағы жалпы білім беретін оқу орындарында оқитындардың жалпы санының жеті пайыздан астамын құрайды. Сонымен қатар, статистика білім беру ұйымдарындағы әскери-патриоттық клубтар санының өсу қарқынының оң динамикасын көрсетіп отыр, жаңадан «Жас сарбаз» сыныптары мен Smart Sarbaz клубтары пайда болуда. 2018 жылдан бері мұндай үйірмелер саны 2,5 есеге өсті. Алты мыңға жуық жасөспірім 400 үйірмеге тартылған, олар инновациялық технологияларды игеріп, техникалық идеяларын жүзеге асырады; «Жас сарбаз» сыныптарындағы қосымша білім беру бағдарламасы «алғашқы әскери дайындық», «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы», «спорттық туризм», «спорттық секция», «робототехника», «этика және психология», «хореография», «шахмат» сияқты пәндерді ұсынады.
«Жас сарбаз» қозғалысы негізінде «Smart Sarbaz» үйірмелерін құру туралы бастаманы Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамырда Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерген болатын. Мемлекет басшысы кадрларды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру аясында «Ақылды ұрпақ» - болашақ әскери инженерлер, ақпараттық технологиялар, роботтар, жасанды интеллект мамандарын тәрбиелеу қажет екенін атап өтті. Президент мұндай үйірмелерді бірінші кезекте физика-математика бағыты бар мамандандырылған мектептерде құру қажет деп қосты.
«Жас сарбаз» қозғалысының қызметін жүзеге асырудың стратегиялық құжаты Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдаудың кешенді жоспары болып табылады. 2020 жылдың соңында бірнеше құзырлы министрліктің бірлескен бұйрығымен «Біртұтас Ұлт – Біртұтас Әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2025 жылға дейінгі идеологиялық жұмыс жоспары бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелеріне үнемі ерекше көңіл бөліп, бүгінгі күні батырларымыздың ерліктерін ұдайы ұлықтау керектігін атап өтті. Президент «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, республикалық деңгейге көтеру қажет деп есептейді. Осыған орай, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру мақсатында басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидалары әзірленген. Өткен жылдың мамыр айында Бүкіләскерлік конференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл тұжырымдама да 24 қарашада Үкіметтің No1039 қаулысымен бекітілді.
«Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесі қазіргі заманғы міндеттер мен еліміздің даму міндеттеріне жауап беретін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесін қалыптастыру, жастардың Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатыстылығын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығына сызат түсірмей, белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматты тәрбиелеу, Қарулы Күштердің беделін арттыру және әскери қызметтің беделін нығайту сынды шаралар да назардай түспейді. Осыдан бес жыл бұрын қарқынды түрде басталған «Жас сарбаз» қозғалысы көптеген күрделі мәселелерді шешті. Дегенмен, әлі де көп нәрсе істеу керек. Балаларды спортқа, ғылымға, техникаға, шығармашылыққа, қоғамға қажетті және пайдалы бастамаларға баулуды жалғастыру маңызды», – деді Сұлтан Бүркітбайұлы.