WorldSkills International халықаралық қауымдастығы дүниежүзінде кәсіптік мамандықтарды дәріптеу және мәртебесін көтеру мақсатында жыл сайын осындай байқау өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл турнир еңбек етуге бейім жастардың кәсіби біліктілігін көтеріп, олардың қоғамнан өз орынын тауып кетуіне кеңінен жол ашатыны анық. 1946 жылы құрылған WorldSkills International қауымдастығы қазіргі таңда дүниежүзінің 72 елінде өзінің өкілдігін ашып, кәсіптік мамандықты дәріптеп келеді. 2014 жылы Қазақстан қауымдастықтың толықанды мүшесі болды. Қазіргі таңда халықаралық ұйыммен «Кəсіпқор» ұлттық холдингі тығыз жұмыс істеуде.
«Кəсіпқор» ұлттық холдингі еліміздің барлық аймағында WorldSkills турнирін ұйымдастырып, 8 мамандық бойынша колледж жастары арасында байқау ұйымдастырған-ыд. Байқауда жастар – токарлық іс, дәнекерлеу, қыш қалау, сантехника мен жылыту, сылақ және гипсокартонмен жұмыс істеу, шаштараз, мейрамхана ісі (аспазшы) және ақпараттық технологиялармен жұмыс істе бойынша өзара сынға түсуде.
Осы ретте бұл байқаудың өз деңгейінде өтуіне облыстар мен Астана, Алматы қалаларының білім басқармалары және жергілікті жердегі Техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталықтары белсенді түрде атсалысып, қолдау көрсеткенін айтуға тиіспіз. Әр мамандық бойынша сарапшылар белгіленіп, қызу жұмыстар жүргізілген. Өз кезегінде өндіріс пен өнеркәсіптің түрлі салаларында жұмыс істейтін білікті мамандар жастардың жұмысына бағалап, тапсырылған жұмысты сапала атқаруын қадағалауда.
Осы ретте аймақтарда өтіп жатқан байқауларға дәнекерлеу жұмыстарына 11 аймақ, аспаздыққа (мейрамхана) 10, ақпараттық технологиялар саласына 9 аймақ белсенді түрде қатысқан. Ал шаштараз мамандығы бойыншы 7 аймақтың өрендері қатысуда. Байқауда шеберлігімен көзге түскен кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері 8-11 сәуір күндері Астанада өздерінің ептіліктерін сынайтын болады. Өз кезегінде «Кəсіпқор» ұлттық холдингінің мамандары Астана өтетін Ұлттық чемпионатқа жасы 18-21 жас аралғындағы өндірістік компанияларда жұмыс істеп жүрген жастар да қатыса алатынын алға тартып отыр.