Жастар арасында әділдік пен еңбекті дәріптеу маңызды – Бейсенбай Тәжібаев

Жарбол Кентұлы 18 мау. 2024 10:32 1435

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Онда бірқатар саланың өзекті мәселелері талқыланды. Жастар, ұлтаралық қатынас, білім беру және өзге де салалардағы түйткілдер тарқатылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

– Қоғамда әділдікті, еңбекті дәріптеу, жастарға қолдау көрсету маңызды. Өкінішке қарай,  қазіргі кезде балаларды өтірік тіркеп, жалған мәлімет беріп жатқан балабақшалар анықталды.

Жүргізілген мониторинг нәтижесі солай көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, тексерілмеген, жалған ақпарат тарататындар бар. Ақпараттандыру саласындағы белсенділікті арттырған жөн.  Жұмыс күші де жетіспейді.

Қазіргі уақытта облыста 200-ден астам нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соларға жұмыссыз азаматтарды тартыңыздар. «Жастар практикасы» бар, «Серпін» бағдарламасымен оқу, әскерге шақыру жұмыстары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер.

Сондай-ақ NEET санатындағы жастарды колледжге оқыту мәселесі де өзекті. Биыл жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп отырмыз. Жастар грантта оқи алады. Осы бағытта да жұмысты қолға алыңыздар, – деген облыс әкімінің орынбасары нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырды.

Күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев  облыстағы қоғамдық-саяси ахуал мен этносаралық бірлікті нығайту, бір идея төңірегіне топтастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Содан соң Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ербол Орманов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев аудан, қаладағы ахуалдар туралы атап өтті.

Жиын барысында түрлі ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылды. Мәселелер ортаға салынып, нақты шешімдер қабыланды. Қауіпті орындарға бақылау камерасын орнату және жазғы сауықтыру лагерлерінде оқушыларға экологиялық сауатты көтеру, қоршаған ортаны қорғау, тазалау жолдарын үйрету жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар