Қазақстан заңнамасы бойынша утиль алымнан жиналған ақша экология саласындағы жобаларға бағытталуы керек. Сондықтан осындай қаражат көзі қордаланатын "Жасыл даму" АҚ-тың Kcell акцияларын сатып алуына қоғам тарапынан белгілі бір деңгейде наразылық туындап, бұл жайт БАҚ беттерінде жиі көтерілуде. Осыған байланысты бүгін "Жасыл даму" АҚ түсініктеме беріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жасыл даму" АҚ Kcell компаниясының заңды немесе корпоративтік тұрғыда акционері емес екендігін атап өтеміз. Яғни, Kcell акцияларының уақытша кепілге берілуі "Жасыл даму" АҚ-ның компания менеджментіне қатысуын білдірмейді. "Жасыл даму" АҚ-ның қаражатын орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жүзеге асырылады", делінген ресми мәлімдеме.
Әрі бұл шара ҚР Жоғары аудиторлық палатасымен қадағаланып, расталғаны, уақытша бос қаражатты өтелуі міндетті жоғары сенімді әрі өтімді бағалы қағаздарды кепілге қою арқылы орналастыруға мүмкіндік беретін кері РЕПО құралы пайдаланылғаны да нақтыланады.
Құзырлы мекеме пікірінше, экологиялық кодексінде айқындалған мақсаттарға қаражат бағытталғанға дейін бұл қаражат уақытша бос болып саналады және оларды тиімді басқару мақсатында қаржы құралдарына орналастырылады.
"Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтар саласындағы жобаларды одан әрі қаржыландыру үшін қаражат "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ына аударылады", делінген мәлімдемеде.
"Жасыл даму" АҚ 2025 жылғы 25 қыркүйектегі жағдай бойынша бүгінге дейін жалпы сомасы 87,3 млрд теңгені құрайтын 20 ҚТҚ жобасын қаржыландырғандарын да нақтылайды.