ҚР Ауыл шаруашылығы ел экономикасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, өңірлердің тұрақты дамуында және жұмыс орындарын ашуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып келеді. Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау және басқа да шараларды ұсыну арқылы аталған саланы белсенді түрде қолдайды.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім – мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығында өндірістің 3%-ға артуына байланысты.
Тірі салмақта ет өндіру 4,1%-ға өсіп, 878,7 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 4,8%-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады, ал тауық жұмыртқасын өндіру 0,3%-ға өсіп, 2,1 млрд данаға жетті. Өңірлер бойынша ең жоғары өсу қарқыны Түркістан, Қостанай, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады.
Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта ірімшік пен сүзбе өндірісі – 16,8%-ға, өңделген күріш – 11%-ға, өсімдік майы – 9,3%-ға, ашытылған сүт өнімдері – 5,6%-ға өсті.
Өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 72 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Ерте пісетін көкөніс пен дәнді дақылдар өсімге негізгі үлес қосты.
Сонымен қатар азық-түлік өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,4%-ға артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,7 млрд теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық сала тиімділігін арттыруға және агробизнес үшін жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар стратегиялық шараларды жүзеге асыруда.
Мал шаруашылығындағы статистиканы нақты көрініске келтіру жұмыстары аяқталды, өсімдік шаруашылығында да осы сынды жұмыстар жалғасуда. Ұлттық статистика бюросымен және облыс әкімдіктерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2 млн бас мал, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Аталған деректер ішкі нарықты реттеу бойынша жоспарлау мен шешім қабылдау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие берудің жалпы көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Үкімет жыл басындағы 180 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыруға қосымша, шаруаларға жылдық 5%-бен несие беру үшін 400 млрд теңге тартуға жағдай жасады. Бұл саланың негізгі мәселесі – қаржыландырудың жеткіліксіздігін шешеді. Жеңілдетілген қарыз қаражатының жеткілікті мөлшері диқандарға жоғары өнім алу үшін технологияларды сақтауға мүмкіндік береді.
Қарыз алуды жеңілдету үшін қаржыландырудың тағы бір арнасы – өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары тартылды. Неғұрлым икемді салық саясаты мен өтінім берудің ыңғайлылығы арқасында бұл арна қарыз алушылар тарапынан сұранысқа ие болды. Алты облыс ӘКК арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеуге 65 млрд теңге бөлді.
Кепіл тапшылығы мәселесін шешу үшін, әсіресе өткен жылдан бері несие беру мерзімінің ұзартылуына байланысты «Даму» қоры арқылы қарызға кепілдік беру тетігі енгізілді. Бұл тетік қарыз сомасының 85%-на дейінін кепілдікпен жабуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың наурыз айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл – шаруаларды алдын-ала отандық арзан тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін жаңа ынталандыру механизмі. Аталған тетік шеңберінде субсидиялау мөлшерлемесі 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде отандық тыңайтқыштарға сұраныс күрт өсті: егер өткен жылы 676 мың тонна енгізілсе, биыл 1,5 млн тонна енгізу жоспарланған, оның 1,1 млн тоннасы сатып алынды.
Өнімділікті арттырудың тағы бір маңызды факторы – сапалы тұқым пайдалану. 2024 жылы элиталық сорттарды пайдалану 9%-ға дейін өсті, бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға жоғары.
Қазақстанда тұқым шаруашылығы мәселелерін жүйелі шешу үшін Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Аталған жоспарда селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, ауыл шаруашылығы ғылымын заманауи зерттеу әдістеріне көшіру және білім беру бағдарламаларын жаңарту шаралары қамтылған.
Құжатта аграрлық ғылымның және селекциялық-тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалды-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ тиімді тұқым шаруашылығы жүйесін құру көзделген. Жоспарды іске асыруға 63,4 млрд теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке жылдық 5%-бен беру мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ үшін қосымша 100 млрд теңге тарту шаралары енгізілді. Жоспарланған қаражаттың 32,2 млрд теңгесі игеріліп, қаржыландырудың жалпы көлемі 450 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жылдық 5% мөлшерлеме бойынша несие беру үшін қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау тетігін енгізді. Бұл тетік қарыз алушылар тарапынан құжаттарды тапсырмай-ақ субсидиялар алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ол көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу үшін қолданылады.
Тікелей субсидиялау қағидатын енгізу су беру қызметтеріне де таралды. Енді суармалы су беру қызметтерін сатып алу шығындарын өтеу тікелей су берушілерге аударым өтінімдерінің тетігі арқылы жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде тауар өндірушілер субсидияларды күту және су берушілерге айырманы төлеу қажеттілігінсіз және арзандатылған құны бойынша суармалы су беру қызметтерін сатып алатын болады. Сонымен қатар тікелей субсидиялау саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Бұдан басқа, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін инвестициялық субсидиялауда нормативтерді ұлғайту көзделген. Су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ суды алу және беру үшін инфрақұрылымды құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесі жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
Тағы бір шара — Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша инфрақұрылымдық жобаларға несие беру үшін қаражат тарту. Тетікте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 2,5%-дық жеңілдікпен несие беру. 100 млрд теңге сомасына 65 тауарлы сүт фермасын қаржыландыру басталды, бұл жылына 373 мың тонна қосымша сүт өндірісін қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2024 жылдан бастап бағдарлама бағыттарды көбірек қамтиды. Енді тауарлы сүт фермалары, суару, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар, тағы 8 бағыт қаржыландырылатын болады. Оның ішінде етті мал шаруашылығы кәсіпорындары, жеміс қоймалары, өнеркәсіптік жылыжайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу кәсіпорындары және құс шаруашылығындағы асыл тұқымдық репродукторлар бар.
Үкімет қайта өңделген өнімнің үлесін өндірілетін шикізаттың 70%-на дейін жеткізу үшін Қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын мақұлдады. Оны іске асыруға 372 млрд теңге бөлу жоспарлануда, оның 150 млрд теңгесі инвестицияларға және 222 млрд теңгесі айналым қаражатына жұмсалады.
Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігін арттыру үшін жалпы өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған агробизнес үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі.