Қорғаныс министрлігін басқарған Руслан Жақсылықов ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарды және жалған хабар таратқандарды сотқа бермек, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ-та экс-министр Руслан Жақсылықов қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Ең әуелі Ұлысмедиа және Elmedia порталдары өз дереккөздеріне сүйеніп, Руслан Жақсылықов қамауға алынғанын хабарлады.
Алайда ресми органдар бұл ақпаратты ресми растамады.
Кейін Жақсылықовтың қамауда емес, өз үйінде отырғаны анықталды.
Tengrinews.kz тілшісімен телефон арқылы сөйлескен ол қазір Астанадағы үйінде екенін және отбасы мүшелерімен бірге түскі ас ішуге дайындалып жатқанын айтты.
"Бұл шындыққа жанаспайды", – деп атап өтті Жақсылықов.
Сонымен қатар, ол жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін жеткізді.
Жақсылықов 8 маусымда Қорғаныс министрлігі басшылығынан кетті. Оның орнына Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Бұған дейін әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов қорғаныс саласына түбегейлі өзгеріс керек екенін мәлімдеген болатын.
Сейітбатталов Қазақстандағы әскердің әлеуетіне, әуе қорғанысына қатысты пікір білдірді. Сарапшы бұл саланы ұйымдастыру өте әлсіз екен екенін айтты.
"Менің пайымдауымша, (әскердің әлеуеті - еск.) бүгінгі заманның талабына сай емес. Көп жерде айтып жүрмін, әскерге реформа керек. Өте кең, өте терең реформа керек. 32 жылда 13 министр (ауысты - еск.). 13 министрдің 30 пайызы - азамат. Олардың әскери дайындықтан, әскери білімнен хабары жоқ. Қалғаны, 9 министр де (бұл салаға - еск.) бейінді емес, олардың болған уақытына қарасаңыз, 32 жылдың ішінде алты жарым жыл ғана кәсіби, әскери министрлер болған. Оларға да сұрақтар бар. Сонда 20 пайызы ғана әскерилер болған. Бүгінгі заманда біздің қауіпсіздігімізді (олардан - еск.) дамыған елдердегі сияқты, дамып жатқан елдердегі сияқты сұрауға болмайды. Неге десеңіз олардың даярлығы, ұғымы жоқ. Олар ондай жауап бере алмайды.
(Әуе қорғанысы - еск.) бүгінгі талапқа сай келмейді . Сан емес, сапа емес, ұйымдастыру жағы өте ақсап тұр. Кейбір мен білетін өте жақсы жігіттер бар. Бірақ олар жүйенің ішінде жүр, жеке тұлғалық көзқарасын көрсете алмайды. Кадрдан бастау керек. Кадрды қоятын - басшылық. Қорғаныс министрі, соның кабинетінде отыратын адам оны біледі. Елдің әскери қорғанысын, ұлттық қауіпсіздігін біліп отыратын, даярланған, білікті адам керек. Қазіргі қорғаныс министріне көңілім толмайды. Нақты айтпаймын. (Себебі - еск.) офицерлік кодекс", - деді ол Bilgen Durys арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылы қаңтар аралығында Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы қызметін атқарған.
Ал 2022 жылғы 19 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымына кірісті.