Блогер Ерболат Жанәбіловтерге қатысты қылмыстық іс қозғалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Ерболат Жанәбілов пен оның жары Эльмира Төлегеноваға қатысты сот шешімі 15 қыркүйекте шыққан. Үкім оларға табысталғаннан кейін 10 күн өткен соң заңды күшіне енеді. Материалдар агенттікке түскен бойда қылмыстық іс қозғалып, оған құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар тағы бір блогер – Нұртаза Нұрбек (Justking лақап атымен танымал) әкімшілік іс бойынша айыппұл арқалады. Ол Алматыда үй ұтысын ұйымдастырған. Елемесовтің айтуынша, енді оның ресми табысы болған-болмағаны және салық төлеген-төлемегені тексеріледі.
Даудың тарихы
Жанәбіловтер бұған дейін Instagram парақшасында 11 көлікті ұтысқа тігетінін жариялаған еді. Шарттары да қарапайым көрінген, жазбаны репост жасау жеткілікті болатын. Алайда 21 тамызда жұрт күткен тікелей эфирдің орнына оқырмандарға құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесі ұсынылған. Сөйтіп конкурсқа тек курсты сатып алғандар қатыса алатыны белгілі болған.
Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен наразылық тудырды. Ақыры шуға айналған мәселе сотқа дейін жетті.