Биржадан табыс тауып жүргендерді бірқатар заңнамалық өзгерістер күтіп тұр. Өйткені Мәжіліс дивидендтерге қатысты қарастырылатын салықтық жеңілдіктерді жойып, керісінше ондай табыстарға 5-15% көлемінде жеке табыс салығын енгізуге ниетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев басқаратын жұмыс тобы жаңа Салық кодексінің жобасына бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Соның ішінде:
- жеке тұлғалардың (Қазақстан азаматтарының) алатын 1 млрд теңгеге дейінгі дивидендтеріне 5%, ал 1 млрд және одан жоғары сомадағыларға 15% жеке табыс салығын салуды;
- KASE-де белсенді сатылатын акциялар бойынша 30 000 АЕК-ке дейінгі дивидендтерге салықтық жеңілдік беру шегін ырықтандыру, сондай-ақ сауда белсенділігін бағалаушы қазіргі критерийлерді де өзгерту.
Айта кетсек, қазіргі қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, KASE-де белсенді сатылатын акциялардан түскен 30 000 АЕК-ке дейінгі көлемдегі дивидендтер салықтан босатылады, егер:
- Акциялар KASE-де саудаланса;
- Бұл акциялар үкімет бекіткен сауда белсенділігі критерилеріне сай келсе. Осындай жеңілдік АХҚО аясында жұмыс істейтін AIX биржасында да қарастырылған.
Депутаттар ұсынған осы жаңа өзгерістер қабылданса не болады? QAMS (Қазақстан миноритарлық акционерлері қауымдастығы) бұл биржалар арасында салықтық арбитраждың туындауына әкеліп соғуы мүмкін екенін айтады.
"Себебі, AIX биржасында мұндай өзгерістер енгізу үшін АХҚО туралы конституциялық заңға түзетулер енгізу қажет болады. Ал бұл АХҚО-дағы салықтық режимнің 2066 жылға дейін өзгермейтіні жөніндегі кепілдікке селкеу түсіреді. Сонымен қатар заң шығарушылар Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің бастамасымен акциялары биржаларда саудаланатын және саудаланбайтын компаниялардың дивидендтеріне салық салуды теңестіруді көздеп отыр. Осы жағынан алғанда, мемлекет бұл әрекеті арқылы инвесторларға мынандай белгі беріп отыр: нарықтағы ашықтық пен ақпараттың жариялылығын талап етуші биржалық сауданы дамыту басты басымдық болып табылмайды", - дейді қауымдастықтағылар.
QAMS қауымдастығы жұмысшы топқа Қазақстан азаматтарының дивиденттері бойынша салық салымынан босату шегін 10 000 АЕК шамасында белгілеуді ұсынады. Сондай-ақ шетелдік биржаларда жеке инвесторлардың шығындарын есепке алуға мүмкіндік беретін әділетті салық салымы тәсілінің қолданылуын сұрайды.
QAMS қауымдастығының өкілдері парламент қабырғасында миноритарлық инвесторлардың пікірі ескеріледі деп үміттенеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы да жұмыс тобының ұсыныстарын қолдамайтынын жеткізді.
Жаңа Салық кодексінің жобасы Мәжілістің екінші оқылымына сәрсенбі күні ұсынылып қалады деп күтіліп отыр.
Бұған дейін сайтымызда "Депутат миллиардтап дивидент алатын банктердің акционерлеріне де салық салуды ұсынды" деген мақала жарияланған болатын. Мәжіліс депутат Ермұрат Бәпи жыл соңында миллиардтап дивидент алатын отандық банктердің акционерлері салықтан босатылатындығына өз наразылығын білдірген. Сөйтіп ол 100 млн теңгеге дейін дивидент алатын акционерлерге 10%, ал миллиардтап алатындарға 15%-ға дейін салық салуды ұсынған еді. "Егер мұндай ұсыныс болып жатса, онда біз өз тарапымыздан оны қолдар едік", деген еді сол кезде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.