"Қазақтелеком" үш аптаның ішінде Sapa+ жобасы аясында тағы 100 мың роутерді ауыстырды. Осылайша, жалпы санын 200 мыңға жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанның ең ірі байланыс операторы Sapa+ жобасын қарқынды түрде жүзеге асырып келеді. Айдың басында компания 100 мың роутердің орнатылғаны туралы есеп берсе, 20 күннің ішінде бұл көрсеткіш екі еселеніп, 200 мыңға жетті. Бүгінде "Қазақтелекомға" күн сайын әртүрлі байланыс арналары арқылы жүздеген тұтынушы жаңа роутер орнатуға өтініш білдіруде. Компания мамандары қоймаға жаңа жабдықтар түскен сайын оларды дереу орнатып жатыр.
"Жобаның басында логистика мен бизнес-процестер толығымен ретке келмегендіктен, нәтижелер салыстырмалы түрде қарапайым болды. Бірақ уақыт өте келе әріптестеріміз қажетті қарқын мен жылдамдықты меңгеріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушыларымызға күн сайын мыңдаған жаңа роутерді орнатуда. Қазірдің өзінде 200 мың роутер орнатылып, бұл сан сағат сайын артып келеді. Жалпы, мен айтқандай, Sapa+ ұзақ мерзімді жоба, оның аясында еліміздің барлық өңірінде клиенттерімізге жаңа жабдық орнатуды жалғастырамыз", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Жоба ел аумағында, соның ішінде облыс орталықтары мен шағын қалаларда қатар жүзеге асырылып жатыр. Sapa+ жобасына қатысу мүмкіндігін тексеру және жаңа роутер орнатуға өтінім беру үшін "Қазақтелеком" клиенттері iOS және Android құрылғыларына арналған telecom kz мобильді қосымшасын жүктей алады. Сондай-ақ компанияның ресми сайтында немесе 160 нөміріне қоңырау шалу арқылы өтінім қалдыра алады.
Орнатылып жатқан роутерлер 5 GHz жиілігінде 2402 Мбит/с, ал 2.4 GHz жиілігінде 574 Мбит/с жылдамдықты қолдайды. Олар компьютерлер, ноутбуктер және заманауи гаджеттер үшін Wi-Fi немесе кабель арқылы сенімді қосылымды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар роутерлер желінің сапасын, тіпті кедергілер мен ақаулар болған жағдайда да, бақылап, оңтайландыратын интеллектуал функцияларға да ие.