Жаңа кезеңнің басталуы. Президент мәслихаттар мен референдумның маңыздылығын атап өтті

Нұрлан Жұмахан 03 қаз. 2024 19:16 2949

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында қатысып, маңызды ой-пікірлерімен бөлісті. Өз сөзінде ол мәслихаттың мемлекеттік биліктің негізгі әрі маңызды тармақтарының бірі екенін ерекше атап өтті.

– Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды.

Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар, – деді Президент.

Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Кисиковтың пікірінше, мәслихат депутаттарының тиімділігін арттыру үшін сайлаулардың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Оның айтуынша, ең маңыздысы – бұл орынға еліне, жеріне және халқына шынайы қамқорлықпен қарайтын адамдардың сайлануы.

– Мен мәслихаттардың нақты кез келген қаланы басқаруда негізгі орган екенін айтқым келеді, мысалы, Алматы немесе басқа да қалалар, аудан орталықтары. Бұл мәслихаттар бәрін басқарады, сондықтан бүгінгі күні мәслихат өте маңызды орган болып табылады. Сондықтан мен Президенттің қалаларды басқаруда мәслихаттарға көбірек мүмкіндік беру туралы айтқан сөздерін қолдаймын. Осы орайда мен мәслихатта сайлаулардың да ашықтығын арттыруды ұсынар едім. Себебі, негізінен, мәслихатта үнсіз, өз пікірін білдірмейтін адамдар отыр, олардың даусы мүлдем естілмейді, яғни мен қалаға немқұрайлы қарамайтын, өз позициясы бар, шын жүректен қала үшін алаңдайтын және нақты іс-әрекет жасайтын адамдардың мәслихатқа сайлануын қалаймын.

Мен білемін, кейбір мәслихат депутаттары шын мәнінде халықпен кездесіп, тұрғындардың сұраныстарына жауап беріп, белсенді жұмыс істейді, ал басқа депутаттарды мүлдем естімеймін, олар қайда, не істейді? Мәслихаттардың қоғамдық кеңес сияқты тиімді жұмыс істегені маңызды. Депутаттар сайлаушылар алдында есеп беріп, жиі кездесіп, олардың мәселелерін шешуі керек, сайлаудан кейін із-түссіз жоғалып кетпей, бюджетті талқылау жиындарында формалды түрде ғана қатыспауы тиіс.

Мен, мысалы, бір депутаттың көмекшісі болғанымда, оның сайлаушылармен үнемі жұмыс істеп, кездесіп жүргенін көрдім. Менің ойымша, мәслихаттар президент айтқандай, өңірлік экономикаға әсер ететін, жоғары деңгейлі болуы тиіс. Алдымен, саяси ойлау қабілеті болуы керек. Акиматтар жергілікті жерде тек чиновниктерді ғана емес, қалаға жанашыр азаматтық белсенділерді де таңдай білуі керек.

Менің пікірімше, мәслихат – саяси орган, бірақ мажилистен айырмашылығы, мәслихаттың шаруашылыққа бағытталған болуы маңызды. Яғни, коммуналдық салада жақсы түсінігі бар мамандар, заңгерлер және қаладағы барлық проблемаларды білетін азаматтық белсенділер болуы керек. Ең бастысы – тәуелсіз ойлау және өз пікірін еркін білдіру, тек қана бас изеп, бір жақты дауыс бермей, – дейді Бекнұр Кисиков.

Ал саясаттанушы Пердехан Шәмиев депутаттық қызметті атақ-абырой емес, ең алдымен жауапкершілік деп бағалайды.

– Билік 2022 жылдан бері қарқынды түрде саяси реформаны жүзеге асыруда. Сол реформаның аясында былтыр Мәжіліс жаңарды. Оның құрамы өзгеріп, өзге шақырылым депутаттарына қарағанда барынша ашық, қоғамда көтеріліп жатқан мәселелерге жылдам жауап беруде. Халықтың талап-тілектерін ескеріп әртүрлі заңдарға өзгеріс енгізуде. Мүлдем жаңа заңдар да қабылданып жатыр. Бұл процесстен жергілікті мәслихаттар да тыс қалмауы тиіс.

Сол үшін де мемлекет басшысы мәслихаттардың жұмысының кей тұстарын сынады. Тек сынап қана қоймай кәсіби, білікті депутаттарды кезең-кезеңімен қалыптастыру жолдарын ұсынды. Меніңше депутаттардың басты кемшілігі жария саясаткер еместігінде. Бұл туралы президент те атап өтті. Депутат болдыңба, демек жауапкершілікті өз мойныңа алдың деген сөз. Сондықтан сенің электоратыңмен ғана емес, жалпы халықпен сөйлесе алуы тиіс. Әйтпесе саясатқа барудың қажеті жоқ. Бұл президенттің ғана емес, қоғамның талабы. Президент сондай-ақ, мынадай маңызды мәселені көтерді. Қай партияның мүшесі болмасын жалпыұлттық мүддеге келгенде партияішілік мүддені екінші орынға қою керек. Ия, саяси партияның басты мақсаты билікке жету. Сол үшін өзге партиялармен бәсекеге түседі. Бірақ саяси бәсекенің артынан қуып ұлттық мүддені ұмытпау керек, – дейді саясаттанушы.

Шара барысында Қазақстан Президенті бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның мәнін атап өтіп, оны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі ретінде бағалады.

– АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Бірақ бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді, – деді президент.

Саясаттанушы Пердехан Шәмшиевтің пікірінше, Қазақстан халқы алдағы референдумға дайындықты едәуір күшейткен. Ресми Астана бұл мәселені көп жылдан бері талқылап, халықты ақпараттандырып келеді, сондықтан жұртшылықтың қызығушылығы артқаны байқалады.

– Референдумның өзі үлкен бір саяси науқан. Ондай мүмкіндік бергенінің өзі биліктің, мысалы, Тоқаевтың мүмкіндік бергені — бұл үлкен қадам деп ойлаймын. Яғни, бұл бір тікелей демократияның көрінісі ғой. Сондықтан ол дұрыс қадам деп есептеймін. Яғни, халықтың өзіне шешім қабылдауға мүмкіндік беру. Яғни, енді біз мысал ретінде алатын болсақ, қазір Өзбекстанда да осындай мәселе көтеріліп жатыр, бірақ онда ешқандай референдум болған жоқ. Президент немесе үкімет айтты, солай шешіліп жатыр. Онда ешқандай референдум болған жоқ, талқылау да болған жоқ. Ал бізде керісінше, бір жыл бұрын референдум болатыны туралы айтылды. Биліктің халыққа түсіндіруге уақыты болды. Халықтың өзі ақпарат жинауға мүмкіндік алды. Менің ойымша, бір жыл — үлкен, көп уақыт, – деп санайны Пердехан Шәмшиев.

Өз кезегінде саясаттанушы Нұрболат Нышанбай алда болатын референдумға халық белсенді қатысады деп санайды, себебі бұл халық үшін маңызды сұрақ.

– Енді бұл жолғы референдумның маңызы, менің ойымша, халықтың белсенділігі. Халық белсенді қатысады деп ойлаймын. Себебі қазір халық үшін бұл сұрақ маңызды. Халықтың арасында көптеген сұрақтар бар, және бұл жерде нақты сұрақ қойылып тұр: иә немесе жоқ деген. Сонымен қатар, сайлау мен референдумдарда біз байқағанымыз, бұрынғыдай халық қазір «мен бармасам, менің орныма басқа біреулер дауыс беруі мүмкін бе, немесе мен барып өз ойымды айтуым керек» деген осындай азаматтық позициясы қалыптасып жатыр. Себебі олар сайлаудың қалай өтетінін біледі, ол жерде тек қана қазақстандық бақылаушылар емес, халықаралық ұйымдардан да көптеп адамдар келеді, Бұл жерде ең маңызды мәселе — осы саяси белсенділікті ұстап қалу үшін ашықтық қажет, және жастардың сенімі, олардың ертең дауыс берген кезде «иә, мен дауыс бердім, менің даусым шешімге әсер етеді екен ғой» деген сезімі алдағы уақытта олар ауқымды бір ересектердің электоратын қалыптастырады. Себебі біздегі саналы шешім қабылдайтын азаматтар 30-50 жастағы адамдар, олар әрқашан тек қана өзі дауыс бермейді, ол айналасындағыларға да айтып жүреді, отбасына да айтып жүреді, шешім қабылдағанда. Сондықтан АЭС бойынша шешім қабылдаған кезде тек қана бюллетеннің алдына барып, ручканы ұстаған кезде ғана «иә деймін бе, әлде жоқ деймін бе» деп емес, оған дейін көптеген саралау керек, – дейді саясаттанушы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар