Алматыда Елдос Қоспаевтың ісі бойынша тәркіленген Rolls-Royce сатылды

Алматыда Елдос Қоспаевтың ісі бойынша тәркіленген Rolls-Royce сатылды
ашық дереккөз

Алматыда қылмыстық топ ісі бойынша тәркіленген люкс санатындағы Rolls‑Royce Ghost көлігі электронды аукцион арқылы сатылды. Автокөлік e-Qazyna платформасындағы саудада 26,7 млн теңгеге өткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақ түсті 2013 жылғы Rolls-Royce Ghost Family көлігі бағаны төмендету тәсілімен саудаға шығарылған. Бұған дейін сарапшылар оның құнын шамамен 62,6 млн теңге деп бағалаған. Алайда аукцион барысында көлік бағасы айтарлықтай арзандап, шамамен 2,5 есе төмен сомаға сатылған. Ал бастапқы сауда бағасы тіпті 187,7 млн теңге болған.

Аукцион материалдарына сәйкес, көліктің салоны мен кузовы жақсы сақталған. Бірақ көлікте оталдыру кілті, тіркеу құжаттары және кейбір бөлшектері болмаған. Енді көлікті рәсімдеу, салық, айыппұл және барлық шектеулерді алып тастау шығындарын жаңа иесі өз мойнына алады.

Бұған дейін Елдос Қоспаев рейдерлік жолмен бизнес тартып алды деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топ ісі бойынша кінәлі деп танылған еді. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 18 млрд теңгеден асқан.

Тергеу кезінде шамамен 9 млн доллар, элиталық жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар және 19 премиум көлікке тыйым салынған. Олардың арасында Tesla Model S, Mercedes-Benz, BMW, Lexus және Land Rover маркалары болған.

2025 жылдың қаңтарында сот Елдос Қоспаевты 15 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған.