Қазақстанда қарызы бар азаматтарға банкроттық рәсімін жеңілдету ұсынылды

Қазақстанда қарызы бар азаматтарға банкроттық рәсімін жеңілдету ұсынылды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда несие төлей алмай жүрген азаматтарға банкроттық рәсіміне қолжетімділікті кеңейту ұсынылды. Бұл туралы Сенатта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, төлем қабілетсіздігінің белгілері бар көптеген қазақстандықтар соттан тыс банкроттық механизмі туралы білмейді және қарыз мәселесін шешу үшін оны қолданбайды.

2026–2028 жылдарға арналған халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы аясында проактивті тетік енгізу ұсынылып отыр. Жаңа жүйеге сәйкес, бес жылдан астам уақыт бойы несиесін өтемеген және байланыс нөмірі өзекті азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі.

Хабарламада берешектің бар екені және соттан тыс банкроттық рәсімін пайдалану мүмкіндігі туралы ақпарат көрсетіледі. Егер азамат келісім берсе, уәкілетті мемлекеттік орган рәсімді бастайды.

Мемлекеттік кредиттік бюро деректеріне сәйкес, қазіргі таңда бұл талаптарға 300 мыңнан астам қарыз алушы сәйкес келеді.