Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты – қоғамды толғандыратын түйткілдер мен стратегиялық мәселелерді ашық талқылаудың жаңа деңгейін айқындайтын маңызды құжат. Ол – халықпен ашық диалогтың жарқын үлгісі ретінде ғана емес, мемлекеттік дәрежедегі мәселелердің шешілуін көрсететін мәселелер ретінде маңызды орын алады. Мұндағы екіжақты диалог өзегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ішкі-сыртқы саяси ахуалға байланысты өте маңызды тақырыптарға құрылған. Отандық сарапшы-ғалымдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты туралы осындай пікір білдіріп отыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, елдегі реформалар бүгінгі күннің ғана емес, ұзақ мерзімді болашақтың мәселелерін шешуге бағытталған. Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту, әділеттілік қағидаттарын нығайту және тұрақты даму жолындағы бұл өзгерістер елдің гүлденуіне берік негіз болатыны сөзсіз.
– Президентіміз еліміз үшін зор сынақ болған су апаты туралы айта келіп: «Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік» деді. Осы су тасқыны кезінде көптеген іс-шаралар қолға алынып, келесі мәселелер шешілді. Атап айтсақ, ең ірі шешімдердің бірі - су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің құрылуы. Ұлттық университеттің Тараз қаласында орналасуы – зор үміт пен айқын болашақ кепілі деп білемін, – деді Мұхтар Байжұманов.
Ректор Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған жасанды интеллект мәселесіне мән беруін де айрықша атап өтеді.
– Халықтың тұрмысын жақсартуда цифрландыру ісі маңызды болып табылады. Қазіргі таңда халқымыз өз жұмысын жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастыруда. Бұл бағытта атқарылар жұмыстар әлі көп. Дегенмен, бірлесе шешілсе, бұл да тез-ақ орындалатын шаруа. Президентіміз айтқандай «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениетті қалыптастыруы рас. Біздің университетіміз де аталған акцияны қолдау мақсатында, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау - ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс, – деді М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры.
Мұхтар Байжұмановтың сөзінше, қазіргі жастардың санасын улап, олардың психикасына кері әсер етіп, болашағына балта шапқан проблемалардың бірі - лудомания болып отыр. Мемлекет басшысы осы бір дертке қарсы қабылданған заңның күшін түсіндірді.
– Құжатта букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылды, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, аты-жөні борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдардың құмар ойын ойнауына тыйым салынды. Бұл шаралар талай шаңырақты шайқалтқан, адамдарды қылмыс жасауға, өзіне қол жұмсауға итермелеген ойынқұмарлықтың таралуымен күресуге арналған деп анық айтты. Ғасыр дертіне айналған бұл мәселенің алдын алу үшін бірлесіп жасап жатқан қарымды жұмыстар өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Шын мәнінде, бұл сұхбат – әр Қазақстан азаматына ой саларлық, келешекке кемел көзқарас тастарлық, елді жарқын болашаққа шақыратын сұхбат. Мемлекет басшысы біздің барлығымыздың алда атқарар жұмыстарымыз бен алға қойған міндеттерімізге жету үшін жаңа серпін берді. Жақсы сұхбат барысында өткен жыл қорытындыланып, келген жыл жоспарланды. Біз өз Президентіміздің жарқын істерін қолдаймыз, – деді Мұхтар Байжұманов.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы Гүлбану Қосымова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетінің тілшісіне берген сұхбатында біршама маңызды мәселелерге өте орынды тоқталғанын алға тартады. «Әсіресе тілші Ерлан Жүністің «Түркі әлемінің алдағы ықпалдастығы жолында Қазақстан қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?» деген сұрағына шынайы әрі ұтымды жауап берді»,-дейді.
– Қазіргі шиеленіске толы, сұрағы көп, бірақ жауабы нақты табыла бермейтін күрделі кезеңде түркі мемлекеттерінің барлық салада ынтымақтастығы шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысының «Қазақстан түркі мемлекеттер ұйымының бастауында болды. Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени–гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік» деген пікірінде түркі мемлекеттерінің тек көрші әрі геосаяси серіктес екендігі ғана ұғынылмайды, түркі халықтарын біріктіретін маңызды факторлардың бар екендігіне ой салады, – деді Гүлбану Қосымова.
Ғалымның сөзінше, түркі мемлекеттерін біріктіретін мәселелер көп: біріншіден, тарихы ортақ түркі халықтарының өзара бауырмалдылығы әлемдік деңгейдегі проблемаларды бірлесіп шешуде өз нәтижесін беріп келеді, себебі туыстық сезім бір отбасының балалары секілді тегіне тартпай қоймайды; екіншіден, ата-бабалардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, ойлау жүйесіндегі түркілік таным бізді біріктіреді, үшіншіден тамыры сандаған мыңжылдықтарға кететін түркі тілдерінің сөздік қорында орын алған ортақ атаулар мен фразеологизмдер, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер, образды сөздер мен бейнелі тіркестер түркі халықтары тілінің бәрінде сақталған. Соның дәлелі ретінде Қазақстан кеңістігіндегі жер-су атауларының түпкі төркіні көне түркілік мағынаны білдіретіндігін айтсақ та жеткілікті, мұның өзі түркі халықтарының тарихи отаны қазақ жері екендігін көрсетеді.
– Сұқбатта айтылған бірлесудің нәтижесін көрсеткен 80-нен астам іс-шаралардың, соның ішінде Астанада өткен Y Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының, жоғары оқу орындары мен академиялық құрылымдардың басқосулары, зиялы қауым өкілдерінің арасындағы тығыз байланыс, конференция, симпозиум, құрылтайларда көтерілетін идеялар, сондай-ақ түркі әлемінің рухани астанасы болып Түркістан қаласының жариялануы түркі халықтарының тарихи-рухани бірлігін көрсетіп қана қоймайды, түркілік мәдениеттің бүкіл әлемдік өркениетке қосқан үлесін айғақтайды, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор.
Гүлбану Қосымованың пікірінше, түркілік өркениет пен мәдениеттің бастау көздері саналатын көне түркі және орта ғасыр жәдігерлерінің барлық түркі халықтарына ортақтығын танып-білу және бірлесе зерттеу, кең көлемде насихаттау, еліміздің болашағын құрайтын алыс-берістің, өзара ынтымақтастықтың жалғасын таба беруі бүгінгі ұрпақтың санасына рухани серпіліс жасап, бойына зор қуат, сарқылмас күш берері анық.
– Ежелгі түркілік мәдениет пен өркениеттің жалғасы, көне түркі тілінің мұрагері саналатын қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсу – кезек күттірмейтін мәселе. Қоғамда қазақ тілінің рөлін одан әрі арттырып, қоғамның мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін тудыру үшін тілдің өміршеңдігін дәлелдейтін тарихи деректерді, көне түркілік мәнге ие қазақ даласындағы жер-су атауларының этимологиясын және қазақ тілінің сонау шумер заманынан жалғасын тауып келе жатқан сөздік қорын, грамматикалық заңдылықтарын, түркі халықтарының бәріне ортақ бай мұраларымызды мектептерде, жоғары оқу орындарында оқыту оң нәтиже берері сөзсіз. Тілдің тарихын білмейтін, ұлтының тарихымен мақтана алмайтын ұрпақта отаншылдық сезім туындамайды, тарихи сана қалыптаспаса, мемлекетшілдік сана да қалыптаспайды, – деді түркітанушы ғалым.
Сәтбаев университеті Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Сана Қабдрахманова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге нақты межелерді белгілеп берген сұхбатқа өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Президент мақаласында ішкі және халықаралық күн тәртібі төңірегіндегі халықты толғандыратын ең өзекті мәселелерге нақты әрі толыққанды жауап берілген.
«Президентіміз өз сөзінде: «Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді», – деді. Шын мәнінде, сыртқы факторлардың, табиғи апаттардың әсеріне қарамастан 2024 жылы Үкімет тарапынан еліміздің дамуына деген үлкен мүмкіндіктер жасалды. Президентіміз ішкі және сыртқы саясат мәселесіне де оңтайлы шешіммен келіп, елімізді әлем аренасына шығарып отыр. Мен Мемлекет басшысының ел басқарудағы ұстанымын толықтай қолдай отырып, еліміздің егемендігі мен бейбітшілігінің мәңгілік тұрақтауына тілекшімін», – деді Сана Қабдрахманова.