Еліміздің қай өңірлерінде су тасқыны қаупі төніп тұр — министрлік мәлімдемесі

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2026 13:15

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқынына қатысты мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда елдің басым бөлігінде тасқынның белсенді кезеңі бәсеңдеп, жағдай тұрақталған. Барлық өңірде мониторинг жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2026 жылдың 1 наурызынан бастап ТЖМ жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылған. Оған тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері тартылған. Сонымен қатар, барлық облыстарда азаматтық қорғау қызметтері мен ведомстволардың жұмысын үйлестіретін өңірлік жедел штабтар жұмыс істеп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, оңтүстік және батыс өңірлерде тасқынның белсенді кезеңі негізінен аяқталған. Ал қазіргі уақытта тасқынның шарықтау шегі Ақмола облысында байқалуда. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай да бақылауда.

Ведомство ел бойынша гидрологиялық жағдай мен су басу қаупі бар елді мекендер тұрақты түрде бақылауда екенін атап өтті. Тасқынның алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 9 млн текше метрден астам қар шығарылып, 1,3 млн текше метрден астам еріген су сорылған. Сондай-ақ 79 мыңнан астам қап төселіп, 103 мың тонна инертті материал пайдаланылған. 1,9 млн метрге жуық арық-канал тазартылып, 5 мыңнан астам уақытша бөгет пен үйінді тұрғызылған.

Жалпы 43 әуе бақылау жұмысы жүргізіліп, 305 тасқын қаупі бар елді мекен тексерілген. Аэровизуалды мониторинг жалғасып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында ТЖМ әскери бөлімдерінің қызметкерлері тасқынға қарсы жұмыстарға тартылған. Жалпы алғанда, ел бойынша 700-ге жуық адам, 227 техника, 40 мотопомпа және бес жүзу құралы жұмылдырылған.

Тоғыз өңірде мұз кептелістерінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілген. Барлығы 220 учаскеде жалпы аумағы 626 мың шаршы метрден астам жер қамтылып, 29 мың метрден астам мұз кесіліп, 41 мыңнан астам ұңғыма бұрғыланған. Қазіргі уақытта Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарында 11 су тасу фактісі, ал Ақмола облысында үш шайылу жағдайы бақылауда тұр.

Ақмола облысында елді мекендерді су басудың алдын алу үшін бірқатар шара қабылданған. 5 сәуірде Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылынан солтүстікке қарай орналасқан "Шөптікөл" бөгетінің бір бөлігі зақымданған. Қазіргі уақытта бөгет қалпына келтіріліп, елді мекендерге қауіп жоқ.

Сондай-ақ Астрахан ауданындағы Старый Колутон ауылына кіреберісте қардың қарқынды еруі мен Колутон өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жол жабыны алдын ала ашылған. Нәтижесінде ауылмен көлік қатынасы уақытша тоқтаған. Дегенмен, тұрғындар дәрі-дәрмек, азық-түлік және жанар-жағармай қорымен қамтамасыз етілген.

Шығыс Қазақстан облысында ТЖМ әскери қызметшілері тасқынға қарсы жұмыстарды аяқтады. Құтқарушылар Алтай ауданындағы бірқатар елді мекендерде алдын алу шараларын жүргізіп, арықтар мен көпірлерді тазартты, су өткізу нысандарын ретке келтіріп, бөгеттерді нығайтты. Сонымен қатар, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай тұрақты бақылауда. Есіл өзені бассейні мен бірқатар су айдындарына әуеден бақылау жүргізіліп, қорғаныс дамбалары нығайтылып жатыр.

Қостанай облысында су басу жағдайлары тіркелмеген, су деңгейі қауіпті межеден аспаған. Ал Абай және Қарағанды облыстарында тасқын кезеңі аяқталып, жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove