Қазақстан өңірлерінде тасқынға қарсы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

Көркем Алдабергенова 21 сәу. 2026 16:13

Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімінің қызметшілері Солтүстік Қазақстан облысындағы су басу қаупі бар учаскелерде тасқынға қарсы жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақмола облысындағы жағдай

Ақмола облысында автомобиль жолдарында 4 жерде су аққан. Олар Ерейментау, Егіндікөл аудандары мен Біржан сал ауданында орналасқан. Старый Колутон ауылымен көлік қатынасы қалпына келтірілді. Жалпы облыстағы жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстандағы жұмыстар

Шығыс Қазақстан облысында тасқынға қарсы шаралар жалғасуда. Өңірде қар жамылғысы шамамен 35% деңгейінде сақталған, негізінен таулы аймақтарда.Алтай ауданында арық жүйелері тазартылып, Зубовка өзеніне баратын каналдан ағаш-бұта қалдықтары шығарылды, өзен арнасы қалыпты жағдайға келтірілді. Сонымен қатар Берёзовка өзенінің арнасы 700 метрге дейін тереңдетілді.

Халықпен тасқын кезіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы қағаздар таратылды. Қазіргі уақытта 600 қап дайындалып, қосымша шамамен 8 тонна инертті материал әзірленген. Су деңгейі үш гидробекет арқылы бақылануда.Үлкен Нарын ауданында Сурка өзенінің арнасы тазартылып, түбі тереңдетіліп, жағалауы бекітілді. Катонқарағай ауданындағы Барлық ауылында Бұқтырма өзенінде 21 мың шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұл мұз кептелісінің алдын алып, елді мекендерді су басу қаупін азайтты.

Глубокое ауданындағы Прапорщиково ауылында Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілген жағдайда «Отан» көшесін қорғау үшін қорғаныс үйіндісін нығайту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда үйіндінің биіктігі 1–1,8 метр, ұзындығы 145 метр, ені 10–15 метр.Жағдайға мониторинг жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар бөлімшелері тарапынан, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жүргізілуде.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай

Солтүстік Қазақстан облысында тасқын жағдайы тұрақты бақылауда. Өңірде ТЖМ-нің 28237 әскери бөлімінің күштері жұмылдырылған.

Олар Петропавл қаласы, Заречный кенті және Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында жұмыс істеп жатыр.Қызылжар ауданында және Петропавл маңында қорғаныс бөгеттерін нығайту үшін 29 мың қап дайындалып, 10,8 мың қап төселген. Сонымен қатар Есіл өзенінің тасқын сулары бөгеттерді шайып кетпеуі үшін 2,5 мың метр полиэтилен төсемі салынды.Тасқын жағдайын бақылау аясында өзендер, көлдер мен су қоймаларының бассейндеріне әуеден шолу жасалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove