Қазақстандықтарға да, басқа шетел азаматтарына да Ресей шекарасынан өту кезінде жаңа шектеулер қойылады. Енді жол қозғалысы ережесін (ЖҚЕ) жүйелі түрде бұзу елге үш жылға дейін кіргізбеуге негіз бола алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
РФ-ның «Ресей Федерациясынан шығу және Ресей Федерациясына кіру тәртібі туралы» федералдық заңы бойынша, егер шетел азаматы үш жыл ішінде екі рет немесе одан да көп әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оған шекарадан өтуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл тек ауыр құқықбұзушылықтарға ғана емес, салыстырмалы түрде ұсақ жол ережесі бұзушылықтарына да қатысты.
«РИА Новости»-нің мәліметінше, шетелдік барлық айыппұлдарын төлеген күннің өзінде Ресейге кіруіне тыйым салынуы ықтимал.
Үш жылға кіруге тыйым салуға негіз болатын жағдайлар:
жолды белгіленбеген жерден кесіп өту немесе жаяу жүргінші тарапынан өзге де ереже бұзушылықтар;
қауіпсіздік белбеуін тақпау немесе мотоцикл шлемінің болмауы;
мас күйін анықтауға арналған медициналық тексеруден бас тарту;
жарамды техникалық диагностикалық картасыз көлік басқару;
жаяу жүргіншілерге жол бермеу;
мемлекеттік нөмірлерді дұрыс орнатпау;
жол белгілері мен сызықтарын елемеу.
Қазақстандықтарға ескерту
Ресейге жиі баратын қазақстандықтарға «ұсақ» ереже бұзушылықтарға да мұқият болу қажет. Өйткені мұндай фактілер көші-қон органдарының шешім қабылдау кезінде ескеріледі.