Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы орнатылмаған су тазарту модулі үшін мердігерге 31,3 млн теңге төлеген. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңбұзушылықтарды прокурорлар жергілікті атқарушы органдарды тексеру барысында анықтаған.
"Есіл ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарын бұзып, орындалған жұмыстар актісіне қол қойып, ауылдық елді мекендерге су тазарту кешенін орнатуға бөлінген 31,3 млн теңгені жеткізушіге аударған. Алайда жұмыстар іс жүзінде орындалмаған", – делінген прокуратура мәліметінде.
Дәл осындай заңбұзушылықтар облыстың басқа аудандарынан да табылды. Мәселен, Қызылжар ауданында Бескөл ауылдық округінің әкімі аудан орталығы алаңын жаңа жылға безендіру қызметіне жеткізушіге 8,4 млн теңге төлеген. Бірақ атқарылуы тиіс жұмыстар жүзеге аспаған.
"Ауылдық округ әкіміне "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" түрінде тәртіптік жаза қолданылды, ал аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы қызметінен босатылды", – делінген хабарламада.