8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Бұл Жолдау – жай ғана құжат емес, елдің алдағы даму бағытын айқындап берген үлкен бағдаршам іспетті. Онда әрбір азаматтың өміріне әсер ететін маңызды мәселелер қозғалды: цифрландыру, жасанды интеллект, білім мен ғылым, экономиканы әртараптандыру, жаңа саяси жүйе. Бүгін осы маңызды құжатты талқылау мақсатында «Respublica» партиясының Түркістан облыстық филиалында жиын өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Кездесуге Өңірлік кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, Шардара, Кентау, Сауран, Түркістан қалаларындағы бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өңірдегі белсенді кәсіпкерлер қатысты.
Жиналыс барысында қатысушылар Жолдаудың мән-маңызына тоқталып, әр салаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Барлығының ортақ ұстанымы – Жолдауда жүктелген міндеттерді бірлесе атқарып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу.
Президент атап өткен басым бағыттар ерекше қолдау тапты:
- Жасанды интеллект пен цифрлық мемлекет құру – жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, елді технологиялық тұрғыдан алға жетелейді.
- Бір палаталы Парламентке көшу – саяси жүйені ықшамдап, партиялардың жауапкершілігін арттырады.
- Экономиканы әртараптандыру мен инвестиция тарту – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмысын жақсартады.
Бұл міндеттерді орындау – тек Үкіметтің ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір партияның, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.