Алматыда өзін полицеймін деп таныстырған қылмыстық топ ұсталды

Көркем Алдабергенова 12 қыр. 2025 12:25

Алматыда өзін есірткі қылмыстарына қарсы полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан ақша бопсалаған адамдар тобы ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қалалық ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы мен СОБР жауынгерлері бірлескен операция барысында күдіктілерді қолға түсірді. Тергеу дерегінше, олар өздерін наркополиция өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытқан. Осы арқылы күдіктілер қолма-қол ақша мен банктік аударымдарды талап еткен.

Күдіктілерден жалған қызметтік куәліктер, «Полицияға жәрдемдесу отрядының» құжаттары, қолкісендер және ақша тәркіленді. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оларға қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. «Бопсалау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Бұл – жыл басынан бері өзін полицей ретінде таныстырып, қылмысқа барған үшінші топ. Мұндай әрекеттер қоғам сенімін әлсіретеді, сондықтан біз мұны қатаң тоқтатамыз. Нағыз полиция қызметкерлері заң аясында ғана әрекет етеді. Алматы тұрғындарына айтарым: егер өзін полицеймін деп таныстырған адамдардың әрекетіне күмәндансаңыздар, бірден «102»-ге хабарласыңыздар", – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар