Депутат Ардақ Назаров анасын неге Мәжіліс отырысында құттықтағанын түсіндірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат даулы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде жазба жариялады.
"Анасын туған күнімен құттықтады деп даурығып жатқан жандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін қан-жоса етіп тепкілеп, боқтаған видеоны баршаңыз көрдіңіздер. Бұл қабырғамызды қақыратып, жүрегімізді сыздатты. Оны көрген жас ұрпақ ертең оны қайталамасына кім кепіл? Ең ауыры бұл бейнежазбаға түскен бір ғана оқиға. Шын мәнінде ұрпағым үшін деп ғұмыр кешкен қаншама әке жетесіз ұлдарының қолынан қаза тапқанын естіп те жүрміз", - деді ол.
Оның айтуынша, осындай оқиғадан кейін жастарға ой салмақ болған.
"Дәл осындай сәтте елге ой салсақ, өскелең ұрпаққа сабақ болса деген ниетпен биік мінберден биік анаға деген құрметімді жеткізгім келді. Мәселе Парламент төрінде құттықтағанымда емес. Мәселе қайда жүрсең де, қандай қызмет атқарсаң да, мейлі кім болсаң да ата-анаңды құрметтеуді ұмытпауда", - деді ол.
Еске салайық, Ардақ Назаров анасының 70 жылдық мерейтойы екенін айтып,сөзін тілектен бастады.
"Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге, жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз мәңгі бірге болып, немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Сізді қатты жақсы көремін, сіздің алдыңызда басымды иемін", - деді ол.
Желі қолданушылары депутаттың бұл әрекетіне наразылық танытып, "Мәжілісті ойыншыққа айналдырдыңдар" деп те сынады.