Іздеуде жүрген қарағандылық экс-судьяның Ресей төлқұжатын иеленгені белгілі болды

Қаракөз Амантай 12 қыр. 2025 16:12

Қарағандылық бұрынғы судья Карлығаш Тәткеева Ресей төлқұжатын иеленгені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы "Выход к правде" Telegram-арнасы мәлімдеді.

"Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыпталып, іздеу жарияланған бұрынғы қазақстандық судья көрші ел аумағында жасырынып жүруі әбден мүмкін.

Жарияланған деректерден Тәткееваның Ресей азаматтығын қашан алғаны белгісіз. Дегенмен оның суреті базадағы ресейлік құжаттан алынғаны анық көрінеді. Бұл паспорттағы фотосурет шеттерінде орналасқан арнайы белгілер арқылы дәлелденеді", – делінген хабарламада.

Тәткееваға іздеу жарияланған сәтте жағдайды жақсы білетін дереккөздің айтуынша, ол біреудің сот дауын шешіп беруге уәде етіп, 500 мың доллар алған. Бірақ уәдесін орындай алмай, ақшаны делдалдар арқылы қолхатпен қайтарған. Алайда делдалдар бастапқыда ақша берген адамға толық соманы қайтармағандықтан, ол полицияға арыз түсірген. Мұны естіген соң, Тәткеева жасырынған.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұрынғы судьясы Қарлығаш Тәткееваға аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен іздеу жарияланған еді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, экс-судьяға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша іс қозғалған. Қарлығаш Таткеева бірнеше адамның сеніміне кіріп, ірі көлемде қаржы иемденген болуы мүмкін деген болжам бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Таткееваның нақты қайда екенін білетін азаматтарға үндеу жасап, кез келген ақпарат үшін анонимдікке және сыйақы төлеуге кепіл беріп отыр.

Айта кетейік, Қарлығаш Таткеева Жоғарғы сотты қазіргі сенатор Жақып Асанов басқарған кезеңде Жоғарғы Сот төрағасының азаматтық істер жөніндегі кеңесшісі болған. Таткеева өзінің сот органдарындағы жылдарында  Қарағанды ​​облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, сондай-ақ Астана сотының судьясы болып қызмет атқарған.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары күдіктінің жүрген жерін анықтау және оны жауапкершілікке тарту бағытында жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар