М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұлтымыздың тәрбие мен білімдегі осы ғасырлар бойы жасап келе жатқан үрдісін бүгінгі күнде де жалғастырып келеді. 2016 жыл қазақ тарихындағы кезеңді оқиғалар мен көрнекті тұлғалардың мерей тойларының тұспа-тұс келуімен де ерекшеленеді. Атап айтар болсақ Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 25 жыл, 1916 жылығы ұлтазаттық көтерілісіне 100 жыл, Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, Қазанғап Байболұлының туғанына 125 жыл т.б. Университетіміз көпсалалы мамандыққа дайындайтын оқу орны болғанымен ректорымыз Жұмахан Үшкемпірұлының басшылығы арқасында осындай елеулі мерекелерді атап өту, жастарды сол арқылы отаншылдық рухта тәрбиелеуге ерекше назар аударылып келеді.
Университетімізде аталып өткен сондай іргелі іс-шараның бірі қазақ халқының рухани шежіресі, жыраулық дәстүрдің ХХ ғасырдағы теңдессіз тұлғасы, ұлы дала абызы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы. Бұл іс-шарадан да университетіміз шет қалып отырған жоқ. Соның бір дәлелі осы жылдың өзінде ректорымыз Жұмахан Үшкемпірұлының «Егемен Қазақстан» газетінің 24.02.2016 жылғы санында «Асқар таудай жыр алыбы» атты Жамбыл Жабаев туралы көлемді мақаласы жарық көрді. Мақалада ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев шығармашылығы бүгінгі күн тұрғысынан жаңа қырынан талданып, Жамбылтану ғылымында өзінің айшықты ізін қалдырды, оқырмандар тарапынан да мақала туралы ыстық ықыластар айтылуда.
Жамбыл Жабаев 1916 жылы ұлтазаттық көтерілістің ұраншысы болып, қиын-қыстау кезеңде халқының қасынан табылды. Кеңес дәуірінің солақай саясатының қудалануынан да шет қалмады. Ақын халық үшін туылғандықтан жаратушының тағдырға жазуымен ел құрметіне де бөленді. Бүкіл әлемге Гитлерлік германия фашисттік уын шашып, бүкіл еуропаны табанына басып, 1941 жылы Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда жүзге таяған ақын жырымен өзінің жалынды жырларымен халықты әділетті күреске шақырды. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген атақты жыры соғыс кезінде фашисттерге снарядтай атылып, бүкіл көпұлтты Кеңестер Одағының халқына рух бергенін бәріміз білеміз. Сондықтан да Жамбыл қазақ халқының ғана емес адамзаттың жыршысы деп айтсақ артық емес. Бүгінгі егемен еліміздің көгінде де Жамбылдың мәңгі өлмес жырлары тәуелсіз еліміздің жастарына рух береді, оларды жақсы білім алуға, халқына адал қызмет етуге тәрбиелейді. Ақын мұраларының бәріде құнды. Сол құнды мұраның бірі айтыс, екіншісі тарихи жырды жырлаудағы ерекшелік. Қазіргі дәуірде әдебиеттану ғылымында классик ақындарға қойылатын талаптары: біріншісі ақын өз заманының қоғамдағы басты проблемасын қозғайды, екіншісі сол проблеманы халыққа жеткізі барысында өлеңге немесе жырға жаңа форма әкелу деп ерекшелігін нақтылап көрсеткен. Осы талаптардың негізінде Жамбыл Жабаевты қазақ классик ақыны деуімізге болады. Себебі М. Әуезов " Жамбылдың революциядан бұрын айтқан айтыстар үлгісі кейін кеңес дәуірінде өркендеп, мол жайылған. Халық ақындардың жаңа мазмұндағы айтыстарына аса жақын үлгі болды. Құлманбет Сарыбаспен айтысында Жамбыл да ескі дәстүр бойынша өз руы Шапыраштыны көп айтқанымен, сол көне түрдің өз көлемінде де халықтық, қоғамдық прогресстік жаңа бағасы бар тың мазмұн табады"- деп бағасын берген. Осыған қарап Жамбыл айтысты халықтық, ұлттық мүддеге көтере білді. Екіншіден Жамбыл қазақ айтыс өлеңіне жаңа форма әкелді. М. Әуезов "айтыста өлеңдік түр төрт жолды,он бір буынды қара өлең көп болса, Жамбыл мен Құлманбет айтыстарында 7-8 буыныды терме әдісі мен құрылған жортпа,төкпе,екпінді жыр басым келеді- деп айтысқа жаңа түр әкелгендігін айтады.
Жамбыл Жабаевтың ақындық жолы Жетісуда басталып Әулиеата, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда аймағында шыңдалды. Олай дейтініміз Жамбыл жас кезінде әкесі Жабай біраз уақыт Сырдың бойындағы Қожатоғайда тұрған екен. Осы жерде жас ақын Жамбыл Майлықожа, Мәделіқожа, Құлыншақ, Майкөт ақындармен кездесіп олардан бата алған. Сондықтанда Жамбыл;
Майлықожа Құлыншақ пірім еді бас ұрған.- деп тегін айтпаса керек. Оңтүстікте жүріп Базар,Балқы жыраулармен, Бұдабай, Нұралы, Тұрмағанбет,молда Мұса ақындармен тығыз шығармашылық байланыста болып үлкендерінен үлгі өнеге алған. Жамбыл тек Жетісудың ғана емес Оңтүстік аймақтың ақындық дәстүрінен үлгі алып қалыптасқан. Сондықтанда ақынның мектебін Оңтүстік мектебі деп атаған жөн.
Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты университетіміз «Ұлы даланың абыз ақыны» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасын өткізді. Жыр додасына Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстаннан 40-қа жуық жас ақындар қатысып, бақтарын сынады. Бас жүлде - М.Кенжетайұлы, І-орын – Файзулла Төртай (ТарМУ) ІІ-орын – Нүркен Нұрғазы (ОҚМУ), Абдірахман Ерсұлтан (АӘИУ!) ІІІ- орын – Жолдасбек Нұрболат (ТАрМИ), Сейітов Сүндет («Парасат» колледжі), Иембердиев Қайрат (ОҚМФА), Аман Сержан (Шымкент агроколледжі) иемденді. «Ең жас ақын» номинациясы – Адамбаева Лаураға берілсе, Саттар Гүлназ – лирик ақын атанды. Мағжан Тайыр - көрермен көзайымына айналды. Жүлделі орындар алған студенттерге ақшалай сыйлықтар берілді. Айтулы жыр додасы талантты жастардың рухын жанып, болашаққа деген үміттерін арттырды, шабыттың шалқарына бөледі десек артық айтқанымыз емес. Оны біз көздерінде от ұшқындаған болашақ жыршылардың жарқын жүздерінен де байқадық.
М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұлы ақын Ж.Жабаев мұрасын зерттеуге және оның шығармаларын толықтырып, қайта басып шығаруға өз үлесін қосуда. Оның бір дәлелі «Әлем» баспасынан «Жамбыл феномені» атты көлемі 20,3 баспа табақ естеліктер мен ғылыми-зерттеу мақалалар жинағының жарық көруін айтуға болады. Бұл жұмысты тікелей қолға алып еңбектенген университетімізде құрылған «Сұраншы батыр» атындағы зерттеу орталығы екенін де атап өткеніміз жөн. Қолымызға тиіп көңіл қуанышы болып отырған кітап осындай игілікті бастамамен басталған істің нәтижесі.
Кітапқа К.Әзірбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, Ә.Нүрпейісов, Ш.Айтматов, Н.Төреқұлов, А.Тоқмағамбетов, П.Кузнецов, Ә.Тәжібаев, Д.Снегин, С.Бегалин, Қ.Байсейітов, М.Ғабдуллин, М.Хакімжанов, Д.Әбілов, Н.Тілендиев, С.Садырбаев сынды қазақтың біртуар тұлғаларының естеліктері ықшамдалып берілді. Бұл естеліктердің оқырман қауымға берері мол, әрі жастарымызды тәрбиелеуде өзіндік орны бар құнды мұра. Өйткені өткенді білмей келешекке көз жүгірт е алмасымыз анық. Бұл естеліктерді ХХ ғасырдағы әдебиеттанушы қазақтың және әр түрлі ұлт өкілдерінің біртуар тұлғалары жазған. Естеліктерді оқу арқылы абыз ақынның шығармашылық шеберханасына енеміз. Сонда барып ақындық жолдың қиын да, құрметтілігіне көз жеткіземіз. Жүз жылғы ғұмыр, үш дәуір әрбір дәуірдің қоғамдағы саяси-әлеуметтік, тарихи оқиғаларының мәні мен мазмұнын ұғынамыз, естеліктерді оқи отырып күйбің тіршілікте адамгершілік қасиеттің бәрінен де жоғары екендігіне көз жеткіземіз. Қазіргі ақпараттық ағын құралдарының көптігінен кітап оқудың екінші сатыға төмендегені рас, сондықтан да кітапты құрастырушылар естеліктерді оқуға жеңіл етіп ықшамдап, құнды материалдарды ғана енгізген.
Естеліктерден кейін М.Жолдасбеков, М.Мырзахметұлы, К.Сыздықов бастаған бір топ әдебиеттанушы, тарихшы, тілші ғалымдардың ақын шығармашылығын зерттеудегі зерттеу еңбектері берілген. Бұл зерттеулер келешекте Жамбылтану ғылымында қажетке жарап көптеген жаңа зерттеулерге мұрындық болары сөзсіз. Зерттеу еңбектерінің ішінде Жамбылтану ғылымының бастауында тұрған белгілі ғалымдармен қатар бұрын еш жерде жарық көрмеген жаңа заман, тәуелсіз ел танымындағы соны көзқарастармен жазылған кейінгі буын зерттеушілердің де еңбектері бар. Бұл зерттеу еңбектердің алып жырау Жамбылдың сан қырлы шығармашылық қатпарларын одан әрі тереңдей тани түсуге үлес болып қосылары айқын. Осының бәрін саралай келе кітаптың атын «Жамбыл феномені» деп қоюды ұйғардық. Кітаптың тұсаукесерін өткізіп болғаннан соң, осы сәуір айынан бастап барлық факультеттердегі студенттеріне оқыту, атап айтар болсақ «Бір университет - бір кітап» акциясын өткізу іс-шарасын ректорымыз арнайы тапсырмамен бекітіп берді. Оны да біздің ұжымның оқытушы-профессорлары мен студенттері белсене қолдап, ұйымшылдықпен іске асыруға кірісіп кетті.
Осы жинақ тәуелсіз еліміздің жиырма бес жылдығына тарту сый, әрі ақын шығармашылығы Ұлы Дала Елі ұрпақтарын ХХІ ғасыр көгінде қайта рухтандырып Елбасы Н.Назарбаевтың «мәңгілік ел» идеясына қалтқысыз қызмет етеді деп сенеміз. Ақиқатында дана жыраудың тәмсілдері уақыт сынына мызғымай төтеп берген сирек мұралардан. Болашақ ұрпаққа рухани азық болатын осындай шаралар облысымыздағы басқа да орта және жоғары оқу орнындарыда жалғасын тауып жатса әрине нұр үстіне нұр болар еді. Сонда Ұлы Дала жыршысы Жамбыл жырлары жас ұрпақтың санасында мәігі өшпестей жатталып қалар еді.
Осы аталған істердің бәрі түптеп келгенде жас тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын одан сайын қатайта түсу үшін атқарылып жатқан игі істер легі деп түсініңіздер.
Қанат Сейтжанұлы Байболов,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік университетінің
Ақпараттық технология және
оқу ісі жөніндегі проректоры
Құрманғали Мархабатұлы Оразбаев,
Қазақ тілі мен Әдебиеті
кафедрасының доценті