Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу дерегі бойынша үш адам сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға былтыр сәуірде Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылында болған. 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып қалған.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, нәтижесінде 22 жастағы ауыл тұрғыны мен 10-11-сыныпта оқитын екі оқушы күдікті деп танылған.
Тергеу барысында жоғары сынып оқушылары арасында бейресми "көше тәртібі" қалыптасқаны анықталған. Соның салдарынан үлкендердің тарапынан жүйелі қорқыту, психологиялық қысым көрсету және мәжбүрлі еңбекке тарту тіркелген. Соңғы күндері марқұм жастар арасында "авторитет" деп танылған, жоғарыда айтылған адамның үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған.
Қылмыстық іс 2025 жылғы 5 қыркүйекте сотқа жолданған. Сот отырысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген.
2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімге сәйкес негізгі айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның кәмелетке толмаған екі сыбайласына 5 жыл жаза тағайындалды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
